Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесіп, оның әулетіне көңіл айтты. Қазақстан Президенті Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты Дохаға арнайы барды. Мемлекет басшысы Қатар халқына қайғыларына ортақтасып, қолдау білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Хамадтың қуатты әрі өркендеген Қатар мемлекетін құруға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
– Қазіргі Қатардың көптеген айтулы тарихи жетістігі мен халықаралық аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік ауқымдағы мемлекет қайраткері әрі қазақ халқының досы еді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына зор еңбек сіңіргенін айтты. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген. 1999 жылғы сәуірде өткен алғашқы сапары кезінде мәртебелі мейманды сол тұста Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алған.
Президент шейх Хамадтың қолдауымен Астанада әл-Фараби мешіті бой көтергенін ризашылықпен еске алды. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қатар тарапының қатысуымен бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастамаларды екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара түсіністіктің көрінісі ретінде бағалады.
«Осындай қаралы сәтте Алла Тағаладан марқұмның жаны жәннатта болуын сұрап, дұға етеміз», – деді Қазақстан Президенті. Қатар Әмірі арнайы келіп көңіл айтқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни мұндай қолдау Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы бауырластық байланыстың айрықша сипатын көрсететінін атап өтті.
Қатар тарапының бастамасымен мемлекеттер басшылары қазіргі халықаралық ахуал жөнінде пікір алмасты. Кездесуде Таяу Шығыстағы жағдайға ерекше назар аударылды. Тараптар өңірдегі маңызды үдерістерге қатысты ұстанымдарын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни шақыруды ықыласпен қабыл алды. Алдағы сапардың нақты мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







