Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдары толық жөндеуден өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір облыстық маңызы бар 150 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 38 елді мекендегі жалпы ұзындығы 230 шақырым көшені жаңарту қолға алынған.
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында «Жансүгіров – Ақсу» облыстық маңызы бар жолы жөнделіп жатыр. Аталған бағыттың жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Жолға кейінгі 30 жылда күрделі жөндеу, құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген.
Орташа жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталды. Жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Алдымен жолдағы су бұру мәселесін шешуге басымдық берілген.
Жоспарланған 13 су өткізу құбырының барлығы орнатылып, пайдалануға дайындалды. Қазір жолға асфальт төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін трассаның 11 шақырымы толық асфальтталды.
Асфальт төселген бөлікте жол жиегін нығайту жұмыстары атқарылып жатыр. Кейін мамандар жаңа жол белгілерін орнатып, жол таңбаларын сызуға кіріседі. Қалған шамамен 20 шақырым жолды қазан айының соңына дейін толық асфальттау жоспарланған.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов нысан қараша айында пайдалануға берілетінін айтты. Осы уақытқа дейін жолға қажетті барлық инфрақұрылым орнатылмақ. Жоба аяқталған соң Жансүгіров пен Ақсу арасындағы көлік қатынасы жақсарады.
Биыл «Ақсу – Қаракөз» автомобиль жолында да жөндеу басталды. Ақсу ауылынан Ойтоған ауылына дейінгі 20 шақырым жолды жаңарту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Екі нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, биыл Ақсу ауданындағы шамамен 40 шақырым жол жөндеумен қамтылды. «Жансүгіров – Ақсу» бағытын жаңарту өңірдің көлік инфрақұрылымын жүйелі дамыту жұмысының бір бөлігі саналады. Жобалар аудан ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Соңғы жылдары Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары толық жөнделіп, жаңғыртылды. Соның ішінде «Талдықорған – Үшарал – Достық» бағыты жаңартылды. «Сарыөзек – Қорғас» автомобиль жолы да жөндеуден өтті.
Қазір «Алматы – Талдықорған» автожолының 21 шақырымдық учаскесінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жаңартылатын бөлік өңірдегі негізгі көлік ағыны өтетін маңызды бағыттардың біріне жатады.
Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі 158 шақырым жол толық қайта жаңғыртылады. Жоба Талдықорған қаласының айналма жолын да қамтиды. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
«Талдықорған – Үштөбе» автожолының ұзындығы 40 шақырым болатын учаскесінде орташа жөндеу жүріп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар 2026 жылғы қыркүйекте аяқталуға тиіс. Жолды жаңарту Қаратал ауданы мен облыс орталығы арасындағы көлік қатынасын жақсартады.
Жыл қорытындысында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Көрсеткіш жүзеге асса, Жетісу еліміздегі жол сапасы жоғары өңірлердің қатарына енеді. Жөндеу жұмыстары республикалық бағыттардан аудандық және ауылішілік жолдарға дейін жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







