Қайғылы жағдайда қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты желіде марқұмның аруағына тіл тигізіп, ар-намысын қорлайтын пікір қалдырған анонимді қолданушының үстінен Ішкі істердің Киберқылмыс департаментіне ресми арыз жолданды деп жазады Ertenmedia.kz.
Жәбірленуші тараптың өкілі, белгілі адвокат Аянхан Омаровтың мәлімдеуінше, Instagram желісіндегі «ainur32787» атты аккаунт иесі қоғамда үлкен наразылық тудырған, адамгершілік нормаcына мүлдем жатпайтын әдепсіз пікір жариялаған.
«Тасташы, құрысын өлетін қан…ық кетті ғой», — деп деген жасырын аккаунттың иесі желідегі қауымның тарапынан да қарғыс естуде.
Оқырмандар жасырын парақшаның артына тығылып, аузына келгенін жазатындарға қатаң жаза қолдану қажет екенін айтып, дабыл қағуда.
Осыған байланысты құзырлы органдардан аталған аккаунт иесінің жеке басын анықтап, оның заңсыз әрекеттеріне құқықтық баға беру, сондай-ақ заң аясында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту талап етіліп отыр.

«Осындай оңбағандардың жер басып жүргені қынжылтады. Желіде жасырын есіммен (никнейм) бүркеніп, өзгелерді балағаттап, марқұмдардың атына күйе жағуға болады деп есептейтін келеңсіз үрдіске тосқауыл қою керек. Соңғы кезде осындай үрдіс белең алып барады. Желідегі анонимділік жауапкершіліктен жалтарудың құралы емес», — дейді көзі қарақты қауым.
Контекст
Нұрай Серікбайдың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Бейнебақылау камералары күдіктінің қызды аңдып жүргенін, кейін оған пышақпен шабуыл жасағанын түсіріп алған.
Тергеу барысында оқиғаға дейін бірнеше ай бойы қудалау болғаны, тіпті «алып қашу» әрекеті де жасалғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары сол кезде-ақ полицияға жүгінгенімен, арыз тіркелмегенін айтқан.
13 қаңтарда күдікті Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Кейін іс Ақордаға дейін жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде полиция әрекетіне баға беруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылып, арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір күдіктіге бірден бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған:
- ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
- некеге мәжбүрлеу;
- сталкинг, яғни жүйелі түрде аңду мен қысым көрсету.
Іс қоғам назарында қалып отыр. Марқұмның туыстары әділ үкім күтетінін айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







