Банан өсімдігінің сабағынан алынатын талшық тоқыма өнеркәсібінде мақтаның баламасына айналуы мүмкін. Ұқсас табиғи талшықтарды өңдеу тәсілдері өзге текстиль өнімдерін жаппай өндіруде бұрыннан қолданылып келеді. Сондықтан банан қалдықтарын матаға айналдыру технологиясын өнеркәсіптік деңгейге бейімдеуге мүмкіндік бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылар нақты өзгеріс болуы үшін әлемдік тоқыма өндірісінің мақтаға тәуелділігін азайту қажет екенін айтады. Мақта өнеркәсіпте басым орын алғанымен, оны өсіруге өте көп су жұмсалады. Банан талшығын пайдалану ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеуге әрі су ресурсына түсетін қысымды төмендетуге жол ашуы ықтимал.
Industrial Crops and Products журналында 2022 жылы жарияланған зерттеуде банан талшығынан жасалған матаның кейбір қасиеті мақтадан жоғары екені анықталған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, мұндай материал мақта матасына қарағанда жыртылуға 22 пайыз төзімді болған.
Сонымен қатар банан матасы ауа өткізгіштігі және созылу кезіндегі беріктігі жағынан жақсы нәтиже көрсеткен.
Жаңа материал сән индустриясы үшін экологиялық әрі техникалық тұрғыдан тиімді балама болуы мүмкін. Дегенмен банан талшығынан жасалған киімнің кең таралуы өндіріс құнына, өңдеу инфрақұрылымына және тұтынушылар сұранысына байланысты болады. Ендігі мәселе ерекше экотрендтің тәжірибелік жобадан жаппай өндіріске өте алуында.
Банан өсімдігінің әлеуеті тек тоқыма өндірісімен шектелмейді. Ғалымдар оның құрамындағы кейбір биологиялық қосылыстарды қатерлі ісіктің алдын алу бағытындағы зерттеулерде де қарастырып жүр. Алайда мұндай медициналық мүмкіндіктердің тиімділігін растау үшін қосымша ғылыми зерттеу қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







