Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытында Chery маркасының алғашқы гибридті автокөліктері сериялық өндіріске шықты. Кәсіпорын енді қуаттау мүмкіндігі бар Tiggo 7 PHEV және Tiggo 8 PHEV кроссоверлерін құрастырады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа модельдер ресми дилерлерде тапсырысқа қолжетімді. Аталған жоба зауыттың баламалы қуат көзін пайдаланатын New Energy Vehicles санатындағы алғашқы өндірістік тәжірибесі саналады.
Қазақстандағы автокәсіпорындар бұған дейін негізінен дәстүрлі бензин қозғалтқышы орнатылған көлік шығарған. Гибридті модельдердің конвейерге қойылуы жергілікті автоөнеркәсіптің технологиялық тұрғыдан күрделі сегментті игере бастағанын көрсетеді.
Мұндай автокөліктер электр қуатымен де, бензинмен де жүре алады. Сондықтан қуаттау станцияларының желісі толық қалыптаспаған елдерде гибридтерге сұраныс жоғары. Жүргізуші қала ішінде электр жетегін пайдаланса, ұзақ сапарда бензин қозғалтқышына сүйене алады.
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, 2024 жылы әлемде сатылған электромобиль мен қуатталатын гибрид саны 17 миллионнан асқан. Олардың жаһандық автонарықтағы үлесі жыл сайын ұлғайып келеді.
Жаңа модельдерді іске қосу үшін Алматыдағы зауыт техникалық жаңғыртудан өтті. Инженерлік жүйелер жетілдіріліп, өндірістік жабдық гибридті көлік құрастыруға бейімделді. Қосымша сапа бақылау бекеттері құрылып, жұмыс аймақтарына антистатикалық жабын төселді.
Astana Motors Manufacturing Kazakhstan бас директорының бірінші орынбасары Илья Рубцовтың айтуынша, кәсіпорын мамандары Қытайда арнайы дайындықтан өткен. Қызметкерлер жоғары кернеулі аккумулятор жүйесімен жұмыс істеуге рұқсат алған. Мұндай талап гибридті көліктегі электр жабдығының техникалық ерекшелігіне байланысты енгізілген.
Қытай технологиясы, қазақ конвейері
Chery Tiggo 7 PHEV бес адамға арналған ықшам кроссовер ретінде ұсынылды. Көлікке көлемі 12,3 дюйм болатын цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиалық экран орнатылған. Жабдықтар қатарында 540 градустық шолу камерасы, Sony аудиожүйесі, сымсыз Apple CarPlay және Android Auto бар.
Модель алдыңғы орындықтарды желдету жүйесімен және қуаты 50 ватт болатын смартфонды сымсыз қуаттау құрылғысымен жабдықталған. Қазақстандағы бастапқы бағасы 11,99 миллион теңге деп белгіленді.
Chery Tiggo 8 PHEV көлемі жағынан ірі әрі жеті орындық салонмен шығарылады. Кроссоверде 15,6 дюймдік мультимедиалық экран, алдыңғы әйнекке ақпарат шығаратын проекциялық дисплей және жүргізуші орындығына арналған массаж функциясы бар.
Жеті орындық модельге 12 динамиктен тұратын Sony аудиожүйесі мен электронды көмекшілердің кеңейтілген кешені енгізілген. Оның бағасы 13,49 миллион теңгеден басталады.
Екі кроссовер де бір гибридті платформа негізінде жасалған. Күштік қондырғы құрамына көлемі 1,5 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы, электр моторы және гибридті көлікке арналған 1DHT трансмиссиясы кіреді.
Модельдерге сыйымдылығы 18,3 киловатт-сағат болатын CATL аккумуляторы қойылған. Өндіруші мәліметінше, көлік электр қуатымен 93 шақырымға дейін жүре алады. Бензин қозғалтқышы мен электр жетегін қатар пайдаланғандағы жалпы жүріс қоры 1200 шақырымға жетеді.
Кроссоверлер сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 8,2 секундта үдейді. Жылдам қуаттау станциясында аккумуляторды 30 пайыздан 80 пайызға дейін шамамен 20 минутта толтыруға болады.
Өндіруші көрсеткен орташа отын шығыны 100 шақырымға 1,4 литрді құрайды. Аккумулятор толық қуатталған жағдайда бензин шығыны 100 шақырымға шамамен 0,5 литрге дейін төмендейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







