Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту жұмысы ауылдық елді мекендерге дейін кеңейіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жаңа спорт нысандары салынып, тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасалуда, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Негізгі басымдықтың бірі ауыл тұрғындарын заманауи спорт инфрақұрылымымен қамтуға берілген.
Қазір Қазақстанда 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызға жеткен. Ауылдық жерлерде аталған көрсеткіш 62,1 пайызды құрайды.
Ауылдағы қамту деңгейінің республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болуы өңірлерде спорт нысандары желісінің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Жаңа кешендер мен алаңдар балаларға, жастарға және ересектерге спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.
Министрлік заманауи стадиондар салуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Қазір ел аумағында 30 ірі стадион бар. Тағы 15 стадионның құрылысы жүріп жатыр.
Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей қалаларында жаңа стадиондар бой көтеруде. Нысандарды 2028–2029 жылдары пайдалануға беру жоспарланған. Жобалар кәсіби жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты дамытуға арналған инфрақұрылымды күшейтпек.
Тағы жеті стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Таразда жаңа стадион салуға жер телімі белгіленген. Қостанай және Ұлытау облыстарында да осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылуда.
Спорт ауылға жақындады
Спорттық инфрақұрылымды жаңарту жұмысы ірі ареналармен ғана шектелмейді. Елді мекендерде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шағын спорт залы, әмбебап алаң және балаларға арналған жаттығу кеңістігі салынып жатыр.
2024 жылы Қазақстанда 90 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 61-і ауылдық жерде орналасқан. 2025 жылы тағы 147 нысанның құрылысы аяқталып, соның 107-сі ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
2026 жылы 121 спорт нысанын іске қосу жоспарланған. Жаңа кешендер спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптастырып, шалғай елді мекендердегі инфрақұрылым тапшылығын азайтуға тиіс.

Министрлік 2026 жылдан бастап спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын іске асыруға кірісті. Құжат аясында 86 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның 56-сы ауылдық аумақта орындалады.
Жол картасы спорт нысандарын салумен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға да бағытталған. Жобаларды жүзеге асыру кезінде өңір халқының саны, спортқа сұранысы және елді мекендердің инженерлік мүмкіндігі ескеріледі.
Балалар және бұқаралық футболды дамыту да негізгі басымдықтың бірі болып қала береді. Президент тапсырмасына сәйкес министрлік әкімдіктермен бірге балаларға арналған футбол алаңдарын салу бағдарламасын жүргізіп отыр.
2025 жылы республика бойынша 520 футбол алаңы пайдалануға берілді. Оның 378-і ауылдық елді мекендерде салынған. Биыл жаңа алаңдар тұрғызу жұмысы барлық өңірде жалғасады.
Футбол алаңдары балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, аула және мектеп командаларын дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай нысандар жас спортшыларды ерте жастан іріктеп, бұқаралық спорттың базасын кеңейтуге ықпал етеді.
Жобалардың жүзеге асуы заманауи спорт инфрақұрылымын халыққа жақындатады. Сонымен қатар ауыл мен қала арасындағы спорттық мүмкіндік алшақтығын қысқартып, балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында белсенді өмір салтын қалыптастыруға серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







