Қазақстандық футболшы, Англияның «Челси» клубының ойыншысы Дастан Сәтпаев пен ByDastann лақап атымен танылған тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылының жаһандық амбассадорлары атанды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.
Жаһандық жоба еріктілер қозғалысын кеңейтуге, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамдағы өзара көмек мәдениетін нығайтуға бағытталған. Бастама халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тауып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер оны бірауыздан мақұлдады.
Дастан Сәтпаев пен Дастан Мұхамедрахым жаһандық амбассадор ретінде волонтерлік құндылықтарды насихаттап, жастарды қоғамдық бастамаларға белсенді араласуға үндейді. Олардың танымалдығы еріктілік идеясын кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді.
Халықаралық волонтерлер жылы жанашырлық, ынтымақ, өзара жауапкершілік және қоғам игілігіне қызмет ету қағидаттарын дәріптеуді көздейді. Қазақстандық өкілдердің жаһандық деңгейдегі бастамаға қатысуы елдегі волонтерлер қозғалысының халықаралық беделін арттыра түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







