Қазақстанда көлік құралдарына мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беру тәртібі жаңартылады. Ішкі істер министрлігі енгізген өзгерістердің алғашқы бөлігі 2026 жылғы 25 шілдеден бастап күшіне енеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа талаптар жекелеген көлік түрлеріне берілетін әріптік серияларды кеңейтіп, кейін құрылған облыстардың цифрлық кодтарын ресми бекітеді. Түзетулер шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға тіркелген мотоцикл, мотороллер, тіркеме және жартылай тіркемелерге қатысты.
Бұған дейін аталған көлік санаттарына «H» және «F» сериялары ғана беріліп келген. Енді қолжетімді белгілер қатарына «G», «I», «J» және «K» әріптері қосылады. Соның нәтижесінде әріптік серия саны екіден алтыға дейін көбейеді. ІІМ мұндай қадамды тіркелген көлік санының өсуімен және қолданыстағы әріп пен цифр комбинациялары қорының біртіндеп азаюымен түсіндірген.
Өзгеріс мотоциклдер мен мотороллерлерге арналған 3Д үлгісіндегі нөмірлік белгілерді қамтиды. Осындай сериялар тіркемелер мен жартылай тіркемелерге берілетін 5Д және 5ДА үлгілерінде де қолданылады. 5ДА белгісі нөмір орнатылатын орны стандартты 5Д өлшеміне сәйкес келмейтін тіркемелерге арналған.
Шетел азаматтары мен шетелдік компанияларға тіркелген жеңіл және жүк көліктеріне арналған тәртіп өзгермейді. Аталған санаттағы автомобильдерге бұрынғыдай «F» сериясы беріледі. Жаңа әріптік комбинациялар тек мотокөлік пен тіркеме санатына енгізіледі.
ІІМ кейін құрылған үш облыстың нөмірлік кодын да нормативтік құжатта ресми бекітті. Абай облысына «18», Жетісу облысына «19», Ұлытау облысына «20» коды тиесілі болады. Аталған өңірлер 2022 жылы құрылғаннан кейін кодтар іс жүзінде қолданылып келгенімен, бұрынғы құжатта резервтік нөмір ретінде көрсетілген еді.
Жаңартылған тізім бойынша Астанаға «01», Алматыға «02», Шымкентке «17» коды сақталады. Қалған облыстардың бұрыннан қолданылып келе жатқан цифрлық белгілері де өзгермейді.
Құжаттың терминологиясы қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді. Бұрын қолданылған «шетелдіктер» атауы «шетел азаматтары» деген ресми тұжырыммен ауыстырылған.
Бұйрықтың орындалуын бақылау Ішкі істер министрінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарына жүктелді. Әкімшілік полиция комитеті құжатты мемлекеттік тіркеуден өткізіп, ресми жариялауды қамтамасыз етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







