Қазақстан халықаралық бизнес үшін Орталық Азияға кіретін негізгі инвестициялық қақпа мәртебесін сақтап отыр. Елде өңірге тартылған жинақталған тікелей шетелдік инвестицияның 70 пайызға жуығы шоғырланған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы жариялаған World Investment Report 2025 есебіне сәйкес, Қазақстандағы жинақталған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 151, 3 миллиард долларға жеткен. Көрсеткіш Орталық Азиядағы жалпы инвестицияның 68, 6 пайызын құрайды.
Өңір бойынша жинақталған шетелдік капиталдың жиынтық көлемі 220, 5 миллиард доллар деп бағаланған. Соның басым бөлігі Қазақстан экономикасына тиесілі.
Салыстырмалы түрде Түрікменстанда жинақталған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 44, 6 миллиард долларды құрайды. Өзбекстандағы көрсеткіш 16, 7 миллиард долларға жеткен. Қырғызстан мен Тәжікстанда шамамен 4 миллиард доллардан инвестиция шоғырланған.
Қазақстандағы капитал концентрациясы бір жылдың нәтижесі емес. Инвестициялық база ұзақ уақыт бойы қалыптасып, ірі халықаралық компаниялардың өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне сүйенді.
Шетелдік инвесторларды ең алдымен ішкі нарықтың сыйымдылығы, табиғи ресурс қоры және Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасу қызықтырады. Дамыған қаржы инфрақұрылымы мен халықаралық жобаларды сүйемелдеу тәжірибесі де елдің бәсекелік артықшылығын күшейтеді.
Қазақстан экономикасының ауқымы инвесторларға бір ғана саламен шектелмейтін мүмкіндік ұсынады. Мұнай-газ және тау-кен секторымен қатар өңдеу өнеркәсібі, логистика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, қаржы қызметі мен жаңартылатын энергетика бағыттары дамып келеді.
Елдің инвестициялық саясаты реттеу жүйесінің болжамдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді капиталға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты әрі түсінікті іскерлік ахуал инвестор сенімінің негізгі шарты екенін бірнеше рет атап өткен.
Халықаралық компания үшін инвестиция көлемінен бөлек, меншік құқығының қорғалуы, мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығы және жобаның ұзақ мерзімді келешегі маңызды. Қазақстан осы талаптарға жауап беретін институционалдық ортаны жетілдіруге күш салып отыр.
151, 3 миллиард долларлық жинақталған инвестиция халықаралық бизнестің Қазақстан нарығына ұзақ жыл бойы білдірген сенімін көрсетеді. Аталған көрсеткіш елдің Орталық Азиядағы ең ірі әрі дамыған инвестициялық алаң ретіндегі орнын бекіте түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







