Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы ұсынған тізімді тіркеді. Партия атынан сайлауға 63 кандидат қатысады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шешім Астанада ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен өткен комиссияның бесінші отырысында қабылданды. Жиынға «Ақ жол» партиясының басшылығы, халықаралық байқаушылар, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыстардың, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары отырысқа бейнеконференция арқылы қосылды. Күн тәртібінде халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және партиялық тізімді тіркеу мәселесі қаралды.
Нұрлан Әбдіров шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін аккредиттеу жұмысы жалғасып жатқанын айтты. Өтінім қабылдау сайлау науқанының күнтізбелік жоспарына сәйкес 17 тамыз күні сағат 18:00-де аяқталады.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, халықаралық байқау институты ашылған 1 шілдеден бері төрт мемлекет пен үш халықаралық ұйымнан келген 60 байқаушы аккредитациядан өткен.
17 шілдеде Сыртқы істер министрлігі тағы 16 байқаушының кандидатурасын ұсынды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының өкілдері бар.

Сонымен бірге Грузия, Иран, Швеция және Қырғызстаннан келген байқаушыларды аккредиттеу мәселесі қаралды. Ұсынылған тұлғалардың арасында шетелдік сайлау органдарының басшылары, дипломаттар және халықаралық ұйым өкілдері бар.
Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік Құрылтай депутатына қойылатын конституциялық талаптарды түсіндірді. Кандидат Қазақстан азаматы болуы, кейінгі он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұруы және 25 жасқа толуы қажет.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған немесе бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жүрген азамат сайлауға қатыса алмайды. Соттылығы өтелмеген, сыбайлас жемқорлық қылмысы немесе құқық бұзушылығы үшін кінәлі деп танылған тұлғаға да депутаттыққа кандидат болуға жол берілмейді.
Сайлау сүзгісінен өткен 63 есім
Уәкілетті мемлекеттік органдар «Ақ жол» партиясы ұсынған 63 адамның Конституция мен сайлау заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексерген. ОСК мәліметінше, тізімдегі барлық кандидат белгіленген талапқа сай келеді.
Партиялық тізімге әйелдер, жастар және мүгедектігі бар 22 азамат енгізілген. Олардың үлесі кандидаттардың жалпы санының 34,9 пайызын құрайды. Осылайша заңнамада қарастырылған квота сақталды.
«Ақ жол» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылды. Саяси ұйым VIII шақырылым Мәжіліс сайлауында сайлаушылардың 8,41 пайыз дауысын жинаған еді. Қолданыстағы талап бойынша алдыңғы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс алған партиялар келесі науқанда сайлау жарнасын төлемейді.
Отырыс соңында ОСК мүшелері тиісті хаттамаларға қол қойып, партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркеуден өткен кандидаттарға арнайы куәлік табысталды.
Жиыннан кейін «Ақ жол» партиясының басшылығы журналистерге арналған брифинг өткізіп, сайлауалды науқан мен партиялық тізімге қатысты сұрақтарға жауап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







