Әлемжеліні жаулаған арзан мотивация, энергиә алмасу мен карма тазарту индустриясының дәурені ресми түрде аяқталды деуге негіз бар. Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» жаңа заңға қол қойғалы желідегі псевдокоучтардың белсенділігі біртіндеп бәсеңдеп жатыр деп жазады Ertenmedia.kz.
Осыған дейін екі апталық курс бітіріп, мыңдаған адамның тағдырымен ойнаған, депрессия мен мазасыздықты аураны түзетумен емдемек болғандардың парақшасы жаппай тыныштала бастапты.
Пәзитивті ойлау мен миллионерлік сананы уағыздап, іс жүзінде кәсіби медицина мен шынайы психологияға қарсы үгіт жүргізгендер Ақордаға қарсы келе алмасы анық. Қоғамдық сананы инфоқоқыстан тазартуға себепші болған Асхат Аймағамбетовтің еңбегін де бөлек атап өту керек.
Адамдар нақты өмірлік қиындықпен күресіп, кәсіби маманның көмегіне жүгінудің орнына, желідегі желбуаз тренингтердің уақытша берілетін эйфориясына тәуелді болып қалған-тұғын. Экс-депутат әзірлеген заң осы бір қауіпті үрдісті уақытында тоқтатқандай.
Елдің миын улап, отбасылардың ажырасуына, тіпті қайғылы жағдайға себепкер болған пысықайлар адамның бойындағы қорқыныш пен депрессияны жасанды түрде қоздырып, артынан соны емдейтін жалған сиқырлы курстарды миллиондап сататын.
Тағы біразға кешіксек, лжепсихологтардың әрбір сәтсіздік үшін әке-шешені кінәлауға шақырған (детский травмы) уағыздары қоғамда ұрпақтар қақтығысын тудырар еді. Қазақ дүниетанымында тәрбие мен отбасылық құндылықтар «жарақат» іздеуге емес, кешірімге, құрметке және әулеттік тұтастыққа негізделген.
Аймағамбетов атындағы заңның түпкі мәнін тарқатып айтсақ, әзір бізге кез келген өкпесін «травмы» деп атайтын әлжуаз ұрпақ емес, қиындыққа төтеп беретін, жауапкершілікті өз мойнына алатын салауатты қоғам қалыптастыру қажет.
Ендігі жерде заң аясында құрылған мемлекеттік реестр мен әрбір кеңестің ғылыми негізделуі туралы талап әлгіндей схемалардың жұмыс істеуіне жол бермейді.
Біздіңше, алдағы уақытта экранның арғы жағынан отырып, «энергияңды көтер, миллиондарды таррт» деп ақыл айтқан, аура тазалағыш пысықайлар парақшасын жауып, жұмыс іздеу порталдарында түйіндеме толтыра бастайды.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






