Шеңгелді ауылдық округінде бақша өнімдерін жинау науқаны қарқын алды. Алқаптан жиналған қарбыз күн сайын Алматы, Астана және еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтіліп жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл ауылдық округте ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында 13 657 гектар егістік игерілді. Соның 400 гектарына бақша дақылдары егілген, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Таңнан кешке дейін алқапта еңбек қызу жүріп, піскен өнім бірден жүк көліктеріне тиелуде.
Берекелі маусымның қызығын көріп отырған шаруаның бірі – «Ағайындылар» шаруа қожалығының иесі Дастан Үмбетов. Ол биыл 32 гектар жерге қарбыз егіп, қазір күн сайын жиналған өнімді сатып алушыларға жөнелтіп отыр. Шаруаның айтуынша, көтерме саудагерлер қарбызды егістік басынан келісін 65 теңгеден алып кетуде.
Жазғы маусымда қарбызға сұраныс жоғары болғандықтан, өнімді өткізу жағынан қиындық туындамаған. Бір гектардан орта есеппен 35-40 тоннаға дейін өнім жиналып жатыр. Осы есеппен шаруашылықтың жалпы өнімі мың тоннадан асуы мүмкін.
Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимов мемлекет тарапынан шаруаларға жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. Биыл суармалы суға субсидия бөлініп, көктемгі дала жұмысына 316 тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Соның 280 тоннасы шаруашылықтар тарапынан пайдаланылды.
Өңір диқандары техника паркін де жаңартып жатыр. Биыл 13 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, егіс науқанына 67 трактор, 10 астық сепкіш және бес жоғары өнімді заманауи егіс кешені жұмылдырылған. Жаңартылған техника егіс сапасын арттырып, өнім жинау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша биыл бақша дақылдарының өзінен 18 мың тонна өнім жиналуы тиіс. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 29,1 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Шеңгелді шаруаларының өнімі ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтып, өңір экономикасына қосымша серпін беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







