Алакөлдегі соңғы оқиғалардан кейін заңгер Ержан Есімханов демалыс аймағындағы сервисті сынға алып, өткір пікір білдірді. Айтуынша, екі жыл бұрын көрген түйткілдердің көбі сол күйі қалған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңгер екі жыл бұрын отбасымен Алакөлде төрт күндей аунап-қунап қайтыпты. Суы ұнағанымен, демалыстың әсерін қауіпсіздіктің жоқтығы, қызмет көрсету сапасының төмендігі нілдей бұзған.
«Жағалау мүлде абаттандырылмаған. Күн сайын түн ортасына дейін жақын маңдағы дискотеканың даңғаза үні үйіміздің қабырғасын солқылдатып тұратын. Қоқыс аяқ алып жүргісіз. Ең сорақысы қауіпсіздік атымен жоқ.
Гидроцикл мінген әңгүдіктер суға түскен бала-шағадан екі-үш метр жерден жүйткіп өтетін. Оларды бақылап жатқан ешкім жоқ. Сол жолы әлгі жетесіздермен қатты сөзге келіп, гидроцикл тұрағын шомылатын аумақтан он метр әрірек көшіртуге мәжбүрледім.
Содан бері Алакөлге аттап баспадық. Көлдің өзі ғажап. Алайда отбасының, әсіресе балалардың амандығы бәрінен маңызды», — дейді ол.
Содан бері не өзгерді?
Содан бергі аралықта бәлендей ештеңе өзгермеген тәрізді. Күні кеше көлде екі гидроцикл соқтығысып, бір адам өлді, тағы бірі ауыр жарақат алды. Оның алды 63 жастағы әйелді катер қағып, салдарынан аяғына ампутация жасауға тура келді.
«Демек, Алакөлдегі қауіпсіздікке қатысты ештеңе өзгермеген», — дейді осы тұста Есімханов.
Айта кетелік, былтыр Алакөлдегі сервистен Тоқаевтың өзі түңілген еді. Президент қызмет сапасының төмендігін сынап, қауіпсіздік мәселесіне арнайы тоқталған. Осыдан кейін көл жағасына тұтас бір үкіметтік десант түскен тұғын. Министрлер, вице-премьерлер мен әкімдер көл басына барып, жергілікті шенділерге ұрсып-ұрсып кеткен.
«Тоқаевтың сынынан кейін өркениетті демалыс орнына қажет жағдайдың бәрі жасалуы тиіс еді. Маусым басталарда шенеуніктер қуана-қуана есеп бергенін естідік. Алакөл турис қабылдауға толық дайын. Анау жасалды, мынау жөнделді. Келіңдер, көріңдер деді. Ел ағылды. Енді не болып жатыр? Екі күнде екі төтенше жағдай.
Иә, кейбіреу гидроциклге мас күйде отырып, апатқа өзі себеп болады. Бірақ олар гидроциклді үйінен сүйреп әкелмейді ғой. Жағалаудағы кәсіпкерден жалға алады. Жалға беру орындарын бақылау қиын емес. Мас адамға гидроцикл бермеу керек. Жағалауға, суға түсіп жүрген жұртқа жақындатпау қажет. Қауіпсіздік талабын бұзған кәсіпкерді жауапқа тарту қажет.
Алакөлге қарасаң, мұндай жүйе атымен жоқ. Ретсіз әрі қауіпті бизнестің өрістей беруіне сол жердегі әлдекімдер мүдделі секілді», — дейді заңгер.
Шенділерге айтар ақыл…
Оның атап өткеніндей, Алакөлге баратын жұрттың басым бөлігі отбасымен, бала-шағасымен тынығуға келген қарапайым азаматтар. Олар бірінше кезекте қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды. Бұлай жалғаса берсе, уақыт өте келе талай отбасы Алакөлден теріс айналуы мүмкін.
«Тоқаевтың тапсырмасы орындалды деп санын шапаттаған шенділерге берер кеңесім бар. Алакөлге екі-үш күнге барып демалсын. Арнайы қоршалған, күзетілетін жабық аумақта емес, қарапайым жұртпен бірге орналассын. Отбасын, бала-шағасын да ала барсын. Көл басында қандай хаос болып жатқанын сонда көреді. Президентке жалған есеп беруді доғарады», — дейді Есімханов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







