Ұлттық банк автонесие рәсімдегенде қарыз жүктемесі коэффициентін алып тастауға қарсы. Реттеуші мұндай қадам көлік алған азаматты кейін бірнеше миллион теңге қарызбен қалдыруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің автонесиеге қатысты ұсынысына пікір білдірді.
Оның сөзінше, қарыз жүктемесі коэффициенті несие түріне қарамастан қолданылуға тиіс. Талаптың негізгі мақсаты – азаматтарды шамадан тыс қарызданудан қорғау.
Сүлейменов 10 млн теңгеге көлік алған адамның жағдайын мысалға келтірді. Қарыз алушы бір жылдан кейін жұмысынан айырылып, төлем жасай алмай қалса, банк автокөлікті тәркілейді. Алайда көлік бастапқы бағасына сатылмайды.
«Банк машинаны қалған құны бойынша шамамен 5–7 млн теңгеге өткізеді. Соның өзінде азаматтың мойнында 3–5 млн теңге қарыз қалуы мүмкін. Ол көліксіз қалады, бірақ берешегін өтеуді жалғастырады», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, мұндай тәуекел тұтынушылық несиеге де, автонесие мен ипотекаға да ортақ. Сондықтан реттеуші несие атауына емес, азаматтың оны өтеу қабілетіне мән беруге тиіс.
Соңғы үш жылда Қазақстандағы автонесие көлемі 60 пайызға өскен. Сонымен бірге қарыз сапасы да біртіндеп нашарлай бастаған. Қайтарылу қаупі жоғары, құнсыздану белгілері бар үшінші сатыдағы несиенің үлесі 5,7 пайызға жетті.
Кей банктер проблемалық қарыздың бір бөлігін балансынан есептен шығара бастаған. Сүлейменовтің сөзінше, мұндай әрекет жалпы статистиканы жасанды түрде жақсартып көрсетуі мүмкін.
Автонесиеге қарыз жүктемесі коэффициентін енгізу жөніндегі түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Жаңа талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмсақ немесе қатаң нұсқада күшіне енуі ықтимал.
Ұлттық банк алдағы уақытта автонесие нарығындағы өсім мен проблемалық қарыз үлесін бақылайды. Несие портфелінің сапасы жақсарып, қарыз беру қарқыны баяуласа, соңғы талап соған қарай белгіленбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







