Медеу – Шымбұлақ аспалы жолының жұмыс уақыты жаздың соңына дейін бір сағатқа ұзартылды. Шешім Медеу – Тұйықсу жолында жеке көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылуына байланысты қабылданды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
25 шілде мен 31 тамыз аралығында аспалы жол күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұған дейін оның қызметі бір сағат ерте аяқталатын. Жаңа кесте туристер мен демалушылардың Шымбұлаққа еркін жетуіне мүмкіндік береді.
Медеу – Тұйықсу жолындағы шектеу 24 шілдеден 30 қарашаға дейін сақталады. Осы кезеңде Шымбұлақ шатқалындағы инженерлік инфрақұрылымды жоспарлы жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Жеке автокөліктердің қозғалысы құрылыс аяқталғанша шектелмек.
Жол төтенше және апаттық қызмет көліктері үшін ашық болады. Шатқал тұрғындары мен арнайы техникаға да өтуге рұқсат беріледі. Жаяу туристердің Шымбұлақ аумағына кіруіне шектеу қойылмайды.
Демалушыларға балама бағыт ретінде Студенттер соқпағын пайдалану ұсынылды. Жаяу жол «Медеу» бөгеті маңындағы №12 және №21 автобустың соңғы аялдамасынан басталады. Соқпақ бөгеттің төменгі жағымен өтіп, «Горельник» визит-орталығына дейін жалғасады.
Туристер сапар алдында аспалы жолдың жұмыс кестесін және ауа райын тексергені жөн. Таулы аймақта ауа райы тез өзгеріп, қозғалыс тәртібіне қосымша түзету енгізілуі мүмкін. Жеке көлікпен жолға шыққандар уақытша шектеуді алдын ала ескеруге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







