Қазақстан өсімдік майын Өзбекстанға жеткізу көлемі бойынша екінші жыл қатарынан көшбасшылық орнын сақтап қалды. 2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы мамыр аралығында көрші елге 553 мың тонна май және майлы дақылды өңдеуден алынатын өнім жөнелтілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, экспорт көлемі өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға немесе 31 пайызға артқан. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майы нарығындағы үлесі 90 пайыздан асқан.
Қазақстандық кәсіпорындар шетелге өсімдік майымен қатар шрот пен күнжара да жеткізеді. 2025–2026 маркетингтік маусымының алғашқы тоғыз айында аталған өнімдер экспортынан 944 млн доллар валюталық түсім түскен. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 54 пайыз жоғары.
Сала мамандары маркетингтік жыл аяқталғанға дейін экспорттық түсім 1,15 млрд доллардан асуы мүмкін деп болжап отыр. Қазақстанның майлы дақылдарды өңдеу қуаты қазір жылына 5,2 млн тоннадан асады. Соның 4,4 млн тоннасы күнбағыс өңдеуге тиесілі.
2028 жылға қарай жаңа кәсіпорындарды іске қосу есебінен өңдеу қуатын жылына 8 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Өндірістік әлеуеттің артуы ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия мен өзге бағыттарға экспортты кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан қазір өңір елдерінің күнбағыс шротына деген сұранысын толық өтеп отыр.
Қазақстан әлемде күнбағыс майын экспорттаушылар арасында алтыншы орында тұр. Сала алдына алдағы уақытта әлемдегі алғашқы үш экспорттаушының қатарына кіріп, жылдық валюталық түсімді 2 млрд долларға жеткізу міндеті қойылған. Отандық май және майлы дақылдарды өңдеу өнімдері қазір 20-дан астам мемлекетке жөнелтіледі.
Ақтауда өткен Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің алғашқы отырысы аясында екі ел кәсіпкерлері жаңа келісімдерге қол қойды. Qazaq-Astyq Group май зауыты мен өзбекстандық Fayz Oil Imports компаниясы арасында 71,5 млн долларға өсімдік майын жеткізу туралы келісім жасалды. Форум кезінде рәсімделген коммерциялық келісімдердің жалпы сомасы 174,8 млн долларға жетті.
Экспорттың өсуі Қазақстанның шикізат жеткізуші рөлінен өңделген өнім сататын өндірістік орталыққа қарай бет алғанын көрсетеді. Өзбекстан нарығындағы басымдықты сақтау үшін кәсіпорындарға тұрақты шикізат қоры, тиімді логистика және өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру маңызды болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







