28 шілдеде Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде аптап күшейіп, Атырауда ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік, шығыс және елордада жаңбыр, найзағай мен екпінді жел күтіледі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада күн бұлтты болып, жаңбыр жауады және найзағай ойнайды, жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде ауа температурасы 17–19, күндіз 28–30 градус жылы болады. Алматыда жауын-шашын күтілмейді, ауа күндіз 30–32 градусқа дейін ысиды.
Шымкентте күн ашық болып, температура 37–39 градусқа дейін көтеріледі, жел екпіні секундына 20 метрге жетуі мүмкін. Ақтауда да жауын жаумай, күндіз 37–39 градус аптап болады. Түнгі температура Шымкентте 22–24, Ақтауда 25–27 градус шамасында қалыптасады.
Ең жоғары температура Атырауда тіркеліп, сынап бағанасы күндіз 40–42 градусқа дейін көтеріледі. Ақтөбеде 37–39, Оралда 33–35 градус ыстық сақталады. Батыс өңірлерде жауын-шашын күтілмегенімен, секундына 9–14 метр жылдамдықпен жел соғады.
Қызылордада ауа температурасы 39–41 градусқа дейін жетіп, екпінді жел соғады. Түркістанда да күндіз 39–41, Таразда 33–35 градус ыстық болады. Қонаев пен Талдықорғанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, температура тиісінше 31–33 және 29–31 градусқа дейін көтеріледі.
Жезқазғанда жауын жаумай, күндіз 33–35 градус жылы болады. Қарағандыда ауа 28–30 градусқа дейін жылынса, Көкшетауда жаңбыр жауып, жел екпіні секундына 15–18 метрге жетеді. Қостанайда 35–37, Петропавлда 30–32 градус жылы ауа райы күтіледі.
Павлодар, Семей және Өскеменде күн бұлтты болады. Семей мен Өскеменде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел секундына 15–18 метрге дейін күшеюі мүмкін. Күндіз Павлодарда 30–32, Семейде 26–28, Өскеменде 24–26 градус жылы болады.
Синоптиктер аптап кезінде күн астында ұзақ жүрмеуге, су ішу режимін сақтауға және балаларды көлікте жалғыз қалдырмауға кеңес береді. Найзағай мен қатты жел болжанған өңірлерде ағаштардан, жарнама құрылғыларынан және электр желілерінен алыс жүрген дұрыс. Қазгидромет мәліметінше, алдағы күндері елдің басым бөлігінде ыстық сақталып, атмосфералық фронттар өткінші жаңбыр мен бұршақ әкелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







