Қазақстанда электр қуаты, жылу, су және газды есепке алатын құрылғыларға бірыңғай талап енгізіледі. Үкімет өңірлердегі ақылды санауыштарға нақты қажеттілікті анықтап, оларды орнатудың 2029 жылға дейінгі жоспарын әзірлеуді тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Энергетика министрліктеріне коммуналдық ресурстарды есепке алу құрылғылары мен бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандартты 1 қыркүйекке дейін қабылдауды міндеттеді. Талап тұтынушылардың санатына қарай бөлінеді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев цифрландыруды барлық тұтынушыны есепке алу құрылғыларымен толық қамтымай жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, салалық министрліктер әкімдіктермен бірлесіп, әр облысқа қанша санауыш қажет екенін қысқа мерзімде есептеуге тиіс.
Осы мәлімет негізінде Ұлттық экономика министрлігімен бірге 2029 жылға дейінгі нақты іс-шаралар жоспары бекітіледі. Құжатта құрылғыларды сатып алу, орнату, деректерді қабылдайтын инфрақұрылымды дайындау және коммуналдық кәсіпорындардың жүйесін жаңарту кезеңдері қамтылуы ықтимал.
Ақылды санауыштың кәдімгі құрылғыдан басты айырмасы – көрсеткішті автоматты түрде жіберуінде. Тұрғын ай сайын есептегіштің санын қолмен енгізбейді, ал коммуналдық кәсіпорын нақты тұтыну көлемін қашықтан көре алады. Мұндай жүйе есептеудегі қателікті азайтып, ресурстың қай учаскеде жоғалып жатқанын жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Жиналған ақпарат Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасына біріктірілмек. Жүйе су, жылу, электр қуаты, газ және қалдық шығару қызметтерін ортақ цифрлық кеңістікке жинауға арналған. Платформада абоненттер мен жылжымайтын мүлік нысандарының базасы, коммуналдық төлем құжаты және ресурс тұтыну есебі қамтылады.
Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Энергетика министрлігіне Smart Turmys жүйесін енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Цифрлық платформа коммуналдық кәсіпорындардағы бизнес-процестердің ашықтығын арттырып, есеп айырысу мен ресурсты басқаруды тиімді етуге тиіс.
Санауыштардың әртүрлі өндіруші мен байланыс технологиясына тәуелді болуы бірыңғай жүйе құруды қиындатады. Сондықтан жаңа стандарттар құрылғының деректі қандай форматта жіберетінін, ақпараттың қалай қорғалатынын және Smart Turmys платформасымен қалай байланысатынын нақтылауға тиіс. Су есептегіштеріне арналған жаңартылған талаптарда NB-IoT және LoRaWAN технологиялары, криптографиялық қорғаныс пен екіжақты байланыс қарастырылған.
Алайда жаңа тапсырма барлық тұрғын санауышты өз қаражатына бірден ауыстырады дегенді білдірмейді. Құрылғыны кім сатып алатыны, шығын тарифке кіре ме, әлде коммуналдық кәсіпорын немесе бюджет есебінен өтеле ме деген мәселелер өңірлік жоспарлар мен кейін қабылданатын құжаттарда нақтылануға тиіс.
Ақылды есепке алу жүйесі дұрыс енгізілсе, тұрғын нақты тұтынған ресурсы үшін төлем жасап, қате есептелген түбіртекке қатысты дауды азайта алады. Коммуналдық кәсіпорындар шығын мен заңсыз қосылуды ерте байқайды. Ендігі маңызды мәселе – цифрландыру шығынын халыққа негізсіз жүктемей, құрылғыларды кезең-кезеңімен және бірыңғай техникалық талаппен орнату.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







