29 шілдеде Қазақстанның оңтүстігі мен батысында аптап ыстық сақталып, кей қалада ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел күшейеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Астанада күн бұлтты болып, жаңбыр жауады және найзағай ойнайды. Жел секундына 7–12 метр жылдамдықпен соғып, екпіні 15 метрге дейін жетеді. Түнде 18–20, күндіз 29–31 градус жылы болады.
Алматыда жауын-шашын күтілмейді, ауа температурасы түнде 18–20, күндіз 30–32 градусқа жетеді. Қонаевта күндіз 33–35, Талдықорғанда 30–32 градус жылы болады. Аталған қалаларда күн ала бұлтты болғанымен, жаңбыр жаумайды.
Шымкентте күндіз 38–40 градус ыстық болып, жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түркістан мен Қызылордада ауа температурасы 39–41 градусқа жетеді. Таразда күндіз 34–36 градус ыстық сақталады.
Ең жоғары температура Ақтөбеде болжанып отыр. Қалада жаңбыр мен найзағай болғанына қарамастан, күндіз ауа 40–42 градусқа дейін ысиды. Ақтауда 32–34, Атырауда 32–34, Оралда 33–35 градус жылы болады.
Жезқазғанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталып, күндіз 33–35 градусқа дейін көтеріледі. Қарағандыда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ауа температурасы 28–30 градус шамасында болады. Қостанайда 34–36, Көкшетауда 31–33 градус ыстық күтіледі.
Петропавлда күн бұлтты болып, жаңбыр жауады және найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетіп, күндіз ауа 32–34 градусқа дейін жылынады. Павлодарда жауын-шашын күтілмейді, температура 29–31 градус болады.
Семей мен Өскеменде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейіп, Семейде 27–29, Өскеменде 26–28 градус жылы болады. Қазгидромет алдағы күндері шығыс өңірде қатты жаңбыр жауып, ел аумағының басым бөлігінде температура біртіндеп көтерілетінін хабарлады.
Аптап күтілетін өңірлерде күн астында ұзақ жүрмей, су ішу режимін сақтау қажет. Найзағай мен екпінді жел кезінде ағаш, электр желісі және жеңіл құрылымдардың маңынан аулақ болған жөн. Балалар мен егде жастағы адамдарға ыстықтың әсерінен сақтануға ерекше назар аудару керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







