Алматының сейсмикалық тыныштығы тағы бұзылды. 29 шілде күні сағат 11:09-да қала тұрғындары жер асты дүмпуін сезді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде, Қытайдың Оңтүстік Шыңжаң аумағында орналасқан. Еуропа–Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы дүмпудің магнитудасын 4,6 деп бағалады. Ошақ 7 шақырым тереңдікте жатқан. Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы магнитуданы 4,7 деп көрсетті.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда дүмпу күші 2 балға жеткен. Әзірге қираған нысан мен зардап шеккен адам туралы ақпарат түскен жоқ.
Құтқарушылар тұрғындарға лифтке ұмтылмауды, терезе мен ауыр жиһаздан алшақ тұруды, дүмпу басылған соң ғимараттан шығуды ескертті. Қайталама жер сілкінісіне де дайын болған жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







