Өскемендегі әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында кезекшілікте тұрған сарбаз із-түзсіз жоғалып, алты күннен кейін қала сыртынан табылды. Әскери полиция оны облыс орталығынан 20 шақырым жерден ұстаған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2004 жылы туған қатардағы жауынгер Мархан Айқын Ерланұлы 23 шілде күні таңғы сағат 06:30 шамасында №27943 әскери бөліміндегі қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен. Сол сәтте ол зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасында тәуліктік кезекшілікті атқарып тұрған еткен. Қолында қару болмаған.
Бірнеше күнге созылған іздестіруден кейін сарбаз 29 шілдеде қолға түсті. Қазір ол әскери полиция бөліміне жеткізілген. Өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Әскерилер алдын ала нұсқаны да жариялап үлгерді. Ресми мәлімдемеде сарбаздың бөлімнен кетуіне «үйін сағынуы» себеп болғаны айтылған.
Мархан әскери полицияға командирлері мен қызметтестері тарапынан әлімжеттік жасалмағанын, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану дерегі болмағанын жеткізген.
Алайда қару-жарақ қоймасын күзеткен жауынгердің бөлімнен қалай кедергісіз шығып кеткені және алты күн бойы қайда жүргені әзірге ашық айтылмады.
Оқиғаға байланысты тексеру басталды. Әскери полиция сарбаздың қызмет орнын тастап кету себебі мен өзге де мән-жайды анықтап жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







