Қазақстандықтардың басым бөлігі Цифрландыру және жасанды интеллект жылының ел дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Сауалнама нәтижесі технологиялық жаңғыруға әсіресе жастар мен экономикалық белсенді азаматтар үлкен үміт артып отырғанын көрсетті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, мемлекеттік институттардың жұмысына жоғары баға бергендердің үлесі отбасылы азаматтар, көпбалалы жанұялар, 28 жасқа дейінгі жастар мен бюджеттік сала қызметкерлері арасында көбірек байқалған.
Зерттеушілер адамның тұрғылықты мекенімен, жұмысымен және отбасымен байланысы күшейген сайын мемлекеттік институттарға деген сенімі де жоғарылай түсетінін атап өтті. Отбасы мүшелерінің саны артқан жағдайда елдегі тұрақтылық, әлеуметтік қолдау мен мемлекеттік қызмет сапасына берілетін баға да оң сипат ала бастаған.
Президент бастамасымен жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының маңызын респонденттердің 66 пайызы қолдаған. Көрсеткіш қоғамның технологияны тек экономикалық құрал ретінде емес, мемлекеттік басқару мен күнделікті өмірді жаңғыртатын маңызды бағыт ретінде қабылдай бастағанын аңғартады.
Бастама жастар арасында да кең қолдау тапты. 18–28 жас аралығындағы азаматтардың 65, 2 пайызы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуды маңызды деп бағалаған. Ал еңбек нарығында белсенді 29–45 жас тобында қолдау көрсеткіші 68, 6 пайызға жетті.
Сауалнамаға қатысқандардың 60, 7 пайызы жасанды интеллект технологияларын ел дамуының негізгі салаларына белсенді енгізуді қолдайды. Жаңа технологияға деген қызығушылық студенттер мен жастар арасында ерекше байқалған. Өйткені олардың болашақ мамандығы, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеті және кәсіби мүмкіндігі цифрлық өзгерістермен тікелей байланысты.
Жасанды интеллектіні экономикаға, білімге, медицинаға және мемлекеттік қызметке енгізу еңбек өнімділігін арттырып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуі мүмкін. Дегенмен технологиялық жаңғыру азаматтардың дербес деректерін қорғау, мамандарды қайта даярлау және цифрлық теңсіздікті азайту шараларымен қатар жүруге тиіс.
Зерттеу нәтижесі қоғамның ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын жалпы қолдайтынын көрсетеді. Халық тұрмыс сапасын жақсартуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, білім беру жүйесін жаңғыртуға және заманауи экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларға оң көзқарас танытқан.
Қоғам технологиялық өрлеуден тек жаңа сервистерді емес, күнделікті өмірді жеңілдететін нақты нәтижелерді күтеді. Сондықтан цифрландырудың тиімділігі енгізілген бағдарламалардың санымен емес, азаматтың уақытын үнемдеу, сапалы қызметке қолжетімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру қабілетімен өлшенбек.
Қазақстандық қоғамдық даму институты сауалнама деректерін Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарламасына сәйкес жариялаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






