Ресейдегі дрон шабуылдары логистикалық қауіпсіздік мәселесін ушықтырған шақта Wildberries Қазақстандағы қойма қорына көз тікті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нарықтағы дереккөздердің мәліметінше, маркетплейс жалпы аумағы шамамен 100 мың шаршы метр болатын қосымша қойма іздеуге кіріскен. Компания ресейлік сатушылардың бір бөлігінің тауарын Қазақстан аумағында сақтауды қарастырып отыр. Мұндай қадам Ресейдегі логистикалық нысандарға жасалған бірнеше дрон шабуылынан кейін тәуекелді азайту мақсатында қолға алынғаны айтылуда.
«Коммерсант» басылымының хабарлауынша, Wildberries-ті дамытып отырған RWB тобы Қазақстандағы бос қойма алаңдарын зерттеп, қолжетімді нысандардың едәуір бөлігін жалға алуға дайын. Сарапшылардың пікірінше, компания логистикалық инфрақұрылымды әртараптандыру арқылы жеткізу тізбегінің тұрақтылығын сақтап қалуды көздейді.
Алайда мұндай көлемдегі біртұтас қойманы табу оңай емес. Қазір Қазақстанда сапалы қойма қорының шамамен 130 мың шаршы метрі ғана бос болғанымен, олардың барлығы әртүрлі өңірлерде орналасқан. Нарықта көлемі 100 мың шаршы метр болатын бірде-бір дайын нысан жоқ.
RWB баспасөз қызметі Қазақстанда шұғыл түрде қойма іздеп жатқаны жөніндегі ақпаратты растаған жоқ. Компания логистикалық желіні барлық қатысушы елдерде жоспарлы түрде дамытып жатқанын мәлімдеді.
Қазір Wildberries Алматыда аумағында 100 мың шаршы метрден асатын логистикалық кешен салып жатыр. Ал Астанада көлемі 160 мың шаршы метр болатын тарату орталығы бой көтеруде. Оның іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған.
Нарық дерегіне сәйкес, Қазақстандағы сапалы қоймаларды жалға алудың орташа құны айына бір шаршы метр үшін 5,18 мың теңгені құрайды. Бұл Мәскеудегі бағамен шамалас.
Сарапшылар Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік кеңістігі Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар ағынын еркін қайта бөлуге мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан Қазақстандағы қойма инфрақұрылымын пайдалану Wildberries үшін логистикалық тұрғыдан тиімді шешім саналады.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдегі Wildberries-ке тиесілі бірнеше логистикалық нысан дрон шабуылынан зардап шеккен. Соның салдарынан кейбір қойма иелері маркетплейспен жұмыс істеуге сақтықпен қарай бастаған. Өйткені стандартты сақтандыру полистері мұндай шабуылдан келген шығынды өтемейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







