Freedom Finance Global жаңа қаржы жылын клиенттік белсенділік пен кірістің қарқынды өсуімен бастады. Алайда операциялық ауқым кеңейген сайын шығын көбейіп, таза пайда былтырғы деңгейден төмен түсті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания 2027 қаржы жылының I-тоқсанында, яғни 2026 жылғы 1 сәуір-30 маусым аралығында 19,6 мыңнан астам жаңа брокерлік шот ашты. Клиенттер бағалы қағаздармен 8,4 млн-нан астам мәміле жасаған. Қолданыстағы клиенттік шоттардың жалпы саны 333,4 мыңнан асты.
Есепті кезеңдегі жиынтық кіріс 227,90 млн долларға жетті. Бір жыл бұрын көрсеткіш 136,06 млн доллар болған. Жылдық өсім 67,5%-ды құрап, брокерлік бизнестегі айналым мен клиент белсенділігінің едәуір артқанын көрсетті.
Кіріс рекордтық қарқынмен ұлғайғанымен, таза пайда сол динамиканы қайталамады. Компания тоқсанды 31,96 млн доллар таза пайдамен аяқтады. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі нәтиже 35,83 млн доллар болған еді.
Таза пайда жылдық есеппен 10,81%-ға азайды. Негізгі себеп ретінде операциялық көлеммен бірге комиссиялық, сауда және қызмет көрсету шығындарының өсуі көрсетілген. Есептік деректерге сүйенсек, таза пайда маржасы шамамен 26,3%-дан 14%-ға дейін төмендеген.
Мұндай алшақтық компанияның бизнес ауқымын жылдам кеңейтіп жатқанын, бірақ өскен айналымның пайдаға толық айналмағанын аңғартады. Инвестор мен нарық үшін келесі тоқсандардағы негізгі көрсеткіш кіріс өсімінен бұрын, шығындарды бақылау және маржаны қалпына келтіру болмақ.
Таза пайда неге төмендеді
Freedom Finance Global активтері 2026 жылғы 30 маусымда 278,51 млн долларды құрады. Наурыздың соңында көрсеткіш 278,39 млн доллар болған. Компания тоқсан ішінде акционерлерге 40 млн доллар дивиденд төлегеніне қарамастан, актив көлемін бұрынғы деңгейде сақтап қалды.
Дивиденд төлемі баланстың әлсіреуіне әкелген жоқ. Компанияның наурыз соңындағы активтері 278,4 млн доллар, ал меншікті капиталы 180,8 млн доллар болғаны бұған дейін жарияланған қаржылық қорытындыда көрсетілген.
Меншікті капитал үш айда 30,87 млн долларға немесе 17,08%-ға өсіп, 211,67 млн долларға жетті. Өсім тоқсандық операциялық пайданың есебінен қалыптасқан. Нәтижесінде меншікті капиталдың активтерге қатынасы шамамен 76%-ға дейін көтерілді.
Тоқсан ішінде компанияның кредиттік позициясы да күшейді. S&P Global Ratings Freedom Finance Global компаниясының ұзақ мерзімді рейтингін «B+» деңгейінен «BB-» деңгейіне көтеріп, «Тұрақты» болжамын сақтады. Агенттік шешімінде тәуекелдерді басқару, комплаенс және топ компанияларының қаржылық орнықтылығы ескерілген.
Freedom Finance Global МФЦА аумағында инвестициялармен принципал және агент ретінде мәміле жасауға, активтерді басқаруға, инвестициялық кеңес беруге және цифрлық активтерге қатысты операцияларды ұйымдастыруға лицензия алған. Компанияның ресми ресурсында S&P Global рейтингі «BB-», болжамы «Тұрақты» деп көрсетілген.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, KPMG Tax and Advisory ішкі бақылау жүйесіне тәуелсіз бағалау жүргізген. Тексеру ақшаны жылыстатуға, терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мен санкциялық комплаенс рәсімдерін қамтыды.
Бағалау барысында FATF ұсынымдары, ақшаны жылыстатуға қарсы еуропалық директивалар және АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы әзірлеген комплаенс әдістемесі ескерілген. Компания аудит нәтижесі ішкі бақылау жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растағанын хабарлады.
Цифрлық активтер де бизнестің жеке бағытына айнал
Технологиялық бағытта International Trading System жүйесімен ықпалдастық жалғасты. Freedom Broker мәміле жасау жылдамдығын арттыруға және клиенттік инфрақұрылымды кеңейтуге басымдық беріп отыр. ITS алаңында 2026 жылғы маусымда 2,3 млрд доллардың саудасы өтіп, мәміле саны бір айда 4,1%-ға артқан.
Клиенттердің ITSW биржалық қорына қызығушылығы да біртіндеп өсіп келеді. 30 маусымдағы жағдай бойынша Freedom Finance Global KASE-де 7, AIX биржасында 17 және ITS жүйесінде шамамен 2 800 бағалы қағаз бойынша маркетмейкер қызметін атқарды.
Инвестициялық банкинг бағыты тоқсан ішінде бірнеше ірі орналастыруды сүйемелдеді. Freedom Finance Global «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының AIX биржасындағы KTZ.0431 және KTZ.0436 тикерлерімен шығарылған екі долларлық еурооблигациясына қаржылық кеңесші болды. Аталған бағалы қағаздар AIX сауда жүйесінде көрсетілген.
Компания KASE-де BI Development Ltd. облигацияларын орналастырудың екі кезеңін андеррайтер ретінде ұйымдастырды. BIGDb7 және BIGDb11 шығарылымдарының жалпы көлемі 18,9 млрд теңгеге немесе шамамен 39 млн долларға жетті. Купондық мөлшерлеме жылдық 20% деңгейінде белгіленді.
Цифрлық активтер де бизнестің жеке бағытына айналып келеді. Компания 2026 жылдың I-тоқсанында цифрлық активтер арқылы брокерлік шотты толықтыру және қаражат шығару сервистерін іске қосқан. II-тоқсанда клиенттер аталған мүмкіндіктерді белсенді пайдалана бастады.
Пайдаланушыларға дәстүрлі бағалы қағаздар мен криптовалюталарды бір инвестициялық платформада басқару мүмкіндігі берілді. Қолдау көрсетілетін цифрлық активтер саны 3-тен 11 криптовалютаға дейін кеңейді. Нарықтағы тәуекелі жоғары бағыт болғандықтан, оның табысқа қосатын үлесімен қатар, реттеу және комплаенс жүктемесі де арта түседі.
Freedom Finance Global тоқсанды кірістің серпінді өсуімен, клиенттік базаның кеңеюімен және капиталдың нығаюымен жапты. Сонымен бірге таза пайданың төмендеуі компания алдында жаңа міндет қойып отыр: көлем өсімін сақтай отырып, операциялық тиімділікті арттыру және кірісті тұрақты пайдаға айналдыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







