Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында Күмістау және Алтай станцияларындағы екі теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Президент тапсырмасы аясында жүргізілген жұмыстар тарихи ғимараттардың келбетін сақтап, оларды қауіпсіздік пен қолжетімділіктің заманауи талаптарына бейімдеуге мүмкіндік берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңғыртылған нысандардың бірі Серебрянск қаласындағы Күмістау станциясында орналасқан. Вокзал ғимараты 1954 жылы салынған. Мұнда соңғы күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген еді.
Зубовск кентіндегі Алтай станциясының вокзалы да ауқымды жөндеуден кейін қайта ашылды. Ғимарат 1953 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оның соңғы күрделі жөндеуі де 2013 жылға тиесілі.
Вокзалдардың ашылу рәсіміне Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері, сала ардагерлері, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жергілікті тұрғындар мен қонақтар қатысты.

Энергия тиімділігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Жылу шығынын азайту үшін шатыр, терезелер мен есіктер жаңартылды. Мұндай шешім ғимараттардың қыс мезгіліндегі жылу тұрақтылығын күшейтіп, пайдалану шығынын төмендетуге мүмкіндік береді.
Вокзал кешендері ерекше қажеттілігі бар азаматтарға толық бейімделді. Ғимараттарға талапқа сай тұтқалары бар пандустар орнатылып, тактильді плиткалар төселді. Брайль қарпімен жазылған навигациялық элементтер мен ақпараттық белгілер де қарастырылған.

Күмістау және Алтай станцияларындағы вокзалдар енді жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі, жайлылығы және қолжетімділігі бойынша қазіргі талаптарға сай қызмет көрсетеді. Жаңартылған нысандар аудан тұрғындары мен өңірге келетін жолаушылар үшін қолайлы көлік ортасына айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







