Ақтөбе облысында қырық жылқыны барымталады деген айыппен жеті жылға сотталған жылқышы апелляциялық соттан кейін бірден босатылды. Алғашқы үкімде 30 млн теңге шығын жүктелсе, қайта қаралған істе ұрлық тек бір жылқы бойынша дәлелденген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
33 жыл бойы жылқы баққан азаматқа қатысты іс қоғамда үлкен дау туғызған еді. Ақтөбе облыстық сотының судьясы Гүлнар Тілепова апелляцияның неліктен алғашқы үкіммен келіспегенін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Іс материалдарына сәйкес, 2019 жылы жылқышының жауапкершілігіне акт арқылы 360 жылқы тапсырылған. Кейінгі түгендеу кезінде 40 бас малдың жетіспейтіні анықталған.
Бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемденді немесе ысырап етті деп таныған. Сотталушы жеті жылға бас бостандығынан айырылып, одан жәбірленуші тараптың пайдасына 30 млн теңге өндіру туралы шешім шығарылған.
Апелляциялық алқа істегі дәлелдердің бәрін қайта зерттеген. Соның нәтижесінде 39 жылқының сотталушының өз пайдасына немесе өзге адамдарға берілгенін растайтын нақты айғақ табылмаған.
«39 жылқының сотталған адамның өзіне не басқа біреуге өткенін дәлелдейтін жеткілікті дерек ұсынылмады. Малдың кем шығуы оның міндетті түрде ұрланғанын білдірмейді», – деп түсіндірді Гүлнар Тілепова.
Ал бір жылқыға қатысты айғақ нақты болған. Сот отырысында куәгер жылқыны айыпталушыдан 500 мың теңгеге сатып алып, ақшаны қолма-қол бергенін мәлімдеген.
«Ұрлық деп тану үшін сеніп тапсырылған мүліктің заңсыз түрде кінәлі адамның немесе өзге тұлғаның пайдасына өткенін дәлелдеу қажет. Осы істе мұндай дәлел бір жылқыға ғана қатысты болды», – деді судья.
Осыған байланысты айып Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінен сол баптың 1-бөлігіне ауыстырылды. Жеті жылдық түрме жазасының орнына алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Рақымшылық туралы заң қолданылғаннан кейін мерзім үш айға дейін қысқарды. Қамауда отырған уақыты жазасына есептеліп, сот оның мерзімін толық өтелді деп таныды. Жылқышы сот залынан босатылды.
Материалдық шығын көлемі де қайта қаралған. Алғашқы үкімдегі 30 млн теңгенің орнына сот дәлелденген бір жылқының құны ретінде 600 мың теңге өндіруді міндеттеді.
Судьяның айтуынша, істегі ең маңызды мәселе малдың кем шығуы мен ұрлық ұғымын бір-бірінен ажырату болған.
«Мүліктің жетіспеуі оны нақты адамның ұрлағанын өздігінен дәлелдемейді. Қылмыстық жауапкершілік заң талаптарына сай дәлелденген нақты әрекет үшін ғана туындауы керек. Күдік дәлел бола алмайды, ал кем шығу автоматты түрде ұрлық санатына жатпайды», – деді Гүлнар Тілепова.
Оның сөзінше, апелляциялық соттың басты міндеті алғашқы үкімнің заңдылығы мен негізділігін тексеріп, әрбір дәлелге дұрыс құқықтық баға берілгеніне көз жеткізу. «Әрбір сот шешімінің ар жағында адамның тағдыры тұр», – деп түйіндеді судья.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







