Танымал адамдардың бейнесі мен дауысын пайдаланып жасалған дипфейктер ақпараттық ықпал етудің кең тараған құралына айналып келеді. Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы жаңа шығарылымында көпшілікке тараған бірнеше жалған видеоны талдап, мұндай контенттің қалай жасалатынын түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық мамандары зерттеген роликтерде қоғамға жақсы таныс тұлғаларға шын мәнінде ешқашан айтпаған сөздер телінген. Жасанды интеллект көмегімен адамның дауысы, бет қимылы мен сөйлеу мәнері көшіріліп, көрерменге шынайы мәлімдеме секілді ұсынылады.
Мұндай технологияның негізгі күші – адамның танымал тұлғаға деген бастапқы сенімін пайдалану. Көрермен таныс жүзді көріп, таныс дауыс естігенде ақпараттың түпнұсқалығына күмән келтірмеуі мүмкін. Дәл осы психологиялық әсер жалған мәліметтің тез таралуына жағдай жасайды.
Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы дипфейктердің енді жекелеген әзіл немесе қарапайым монтаж деңгейінен шыққанын атап өтеді. Олар қоғамдық пікірге ықпал ету, эмоциялық реакция туғызу және жалған ақпаратты танымал адамның беделі арқылы заңдастыру үшін пайдаланылып жүр.
Мамандар резонанс тудырған бейнероликті көргенде оның бастапқы дереккөзін тексеруге кеңес береді. Видео танымал тұлғаның ресми парақшасында немесе сенімді ақпарат құралында жарияланды ма, толық нұсқасы бар ма, өзге беделді дереккөздер аталған мәлімдемені растады ма – осы сұрақтарға жауап іздеу қажет.
Күмәнді контентті бірден бөліспеу де маңызды. Себебі дипфейктің әсері оны жасаған адамның мүмкіндігімен емес, тексерместен таратқан аудиторияның көлемімен ұлғаяды.
Ақпараттық қауіпсіздіктің қарапайым қағидасы өзгермейді: таныс жүз әрдайым шынайы сөздің кепілі емес. Цифрлық дәуірде көргенге ғана емес, оның қайдан шыққанына сену маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






