Қазақстандық ультрамарафоншы Меңдібай Әлімғазинов Құрылтай депутаттарының 23 тамызда өтетін сайлауына қатысу үшін Астанадан Алматыға дейін 1300 шақырым жүгіруді жоспарлап отыр. «Құрылтайға жол» деп аталған бастама арқылы ол азаматтық таңдау мен сайлауға қатысудың маңызын өз үлгісімен көрсеткісі келеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
58 жастағы Меңдібай Әлімғазинов марафонмен 30 жылдан астам уақыттан бері айналысады. Осы кезеңде ұзақ қашықтықтағы түрлі жарысқа қатысып, бірнеше рет жүлдегер атанған.
2017 жылы спортшы Astana Marathon жарысында өз жас санатында бірінші орын иеленді. 2021 жылғы Astana Marathon-да 50-54 жас санатында үшінші орынға тұрақтады.
Меңдібай Әлімғазинов үшін Астана-Алматы бағыты да бөтен емес. 2018 жылы ол он ультрамарафоншыдан құралған командамен осы бағыттағы эстафеталық жарысқа қатысты. Команда 1300 шақырымды алты күнде еңсерді.
Спортшы кейін де жүгіруден қол үзген жоқ. 55-60 жас санатындағы Masters Athletics жеңіл атлетика жарыстарына қатысып, жоғары жас санатындағы спортшылар арасында өнер көрсетіп келеді.
Енді ол көпжылдық спорттық тәжірибесін азаматтық бастамамен байланыстыруды ұйғарған. Меңдібай Әлімғазинов 10 тамызда Астанадан Алматыға қарай «Құрылтайға жол» символикалық ультрамарафонына шығуды жоспарлап отыр.
Жолға аттанар алдында спортшы Астанада тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығару куәлігін алған. Соның арқасында 23 тамызда Алматыда болған жағдайда заңда белгіленген тәртіппен дауыс бере алады.
Жоспар бойынша ультрамарафоншы күніне шамамен 100 шақырым еңсермек. Астана мен Алматы арасындағы 1300 шақырымдық бағытқа 13 күн есептелген. Мәре сайлау қарсаңында Алматыда болады.
Меңдібай Әлімғазинов үшін алдағы сапар кезекті спорттық рекордқа ұмтылудан гөрі азаматтық позицияны білдіретін символикалық қадам. Оның ойынша, қоғамдық жауапкершілік үлкен мәлімдемеден емес, адамның өз таңдауына жауапкершілікпен қарауынан басталады.
Алматының соңғы нүкте ретінде таңдалуы да белгілі бір мәнге ие. Елдегі ең ірі мегаполистің электоралдық салмағы жоғары. Мұнда халық саны көп, саяси және қоғамдық науқандарға қызығушылық та айрықша байқалады.
1300 шақырымдық жол тәжірибелі спортшының өзіне оңай сынақ емес. Күн сайын жүз шақырым жүгіру ағзаға үлкен физикалық салмақ түсіріп, төзімділік, тәртіп және нақты есепті талап етеді. Сондықтан бастаманың мәні өзге азаматтарды осындай қашықтықты қайталауға шақыруда емес.
Ультрамарафоншының негізгі ойы қарапайым: өзі дауыс беру үшін екі ірі қаланың арасын жүгіріп өтпек, ал азаматтардың басым бөлігіне сайлау күні тұрғылықты жеріндегі учаскеге бару жеткілікті.
23 тамыздағы сайлау нәтижесінде жаңа бір палаталы Құрылтайдың құрамы қалыптасады. Оның депутаттары бес жылдық мерзімге сайланып, елдің алдағы кезеңдегі заңнамалық күн тәртібін қалыптастыруға қатысады.
Меңдібай Әлімғазиновтың «Құрылтайға жол» бастамасы спорт пен азаматтық белсенділікті бір арнаға тоғыстырып отыр. 1300 шақырымдық маршруттың мәресі Алматыда болғанымен, спортшы үшін оның түпкі нүктесі сайлау учаскесіндегі жеке таңдау болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







