Семейде Абай күніне орай «Абайға құрмет» акциясы аясында салынған Рәміздер алаңы пайдалануға берілді. Мемлекеттік нышандарды бір сәулеттік кеңістікке тоғыстырған жаңа нысан акция шеңберінде аяқталған алғашқы жоба атанды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов, қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Рәміздер алаңы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерді. Жобаны Солтүстік Қазақстан облысы қолға алып, Семейге тарту етті.
Берік Уәли жаңа кеңістіктің ашылуын өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің көрінісі деп бағалады. Ол бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары мен өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке алғыс білдірді.

Жаңа алаң Бейбітшілік, бұрынғы Түйемойнақ аралында алты айға жетпейтін уақытта салынды. Аталған аумақта бұған дейін Семей ядролық полигонының жабылуына арналған биіктігі 20 метрлік «Өлімнен де күшті» монументі және полигон жабылғанына 20 жыл толуына орай бой көтерген 25 метрлік Бейбітшілік стелласы орналасқан.
Енді аралдың сәулеттік ансамблін биіктігі 35 метр болатын Рәміздер алаңы толықтырды. Нысан Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен сабақтастырылған.
Берік Уәлидің айтуынша, биыл жазда «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласына күрделі жөндеу жүргізіліп, айналасы абаттандырылды. Үш нысан біртұтас тарихи-рухани кеңістік құрап, Бейбітшілік аралының мазмұнын жаңа деңгейге шығаруға тиіс.
Рәміздер алаңының жалпы аумағы 2 гектар. Нысан дөңгелек пішінде жобаланған, негізгі композициясының диаметрі 28 метрді құрайды. Ортасына биіктігі 35 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры орнатылған. Елтаңба мен Әнұран мәтіні 10 метр биіктікте орналастырылған.

– Бұған дейін ресми ту көтеру рәсімі әртүрлі жерде ұйымдастырылып келді. Енді мұндай мәртебелі жиындар осы алаңда өтеді. Нысанды Абай күніне дейін аяқтауды жоспарлаған едік. Бүгін сол уәдеміз орындалып отыр, – деді облыс әкімі.
Бейбітшілік аралын дамыту мұнымен тоқтамайды. Президенттің арнайы тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта мұнда аумағы 56 гектар болатын Экологиялық саябақ салу жоспарланған. Жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс, серуен және қоғамдық іс-шаралар өткізетін жаңа кеңістік қалыптастыруға бағытталған.
Салтанатты жиында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауын жеткізді.
Рәміздер алаңының құрылысына үлес қосқан бірқатар азаматқа Абай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің Алғыс хаттары табысталды.
Шара соңы мәдени бағдарламаға ұласты. Белгілі әншілер Ибрагим Ескендір мен Қуандық Рахым патриоттық әндер орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жаңа алаң Абай күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығын байланыстыратын символдық нысанға айналды. Бейбітшілік аралындағы тарихи монументтермен бірге ол Семейдің қоғамдық-мәдени кеңістігін толықтырып, мемлекеттік рәміздерге құрмет білдіретін жаңа орын ретінде қызмет етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







