Жаңа Конституция әділ сот төрелігі мен адам құқықтарын қорғауға арналған конституциялық кепілдіктерді едәуір күшейтті. Қылмыстық процестегі жаңа тәсілдер жария және жеке мүдденің арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Конституциялық Сот жұмыс істеген үш жарым жыл ішінде 88 нормативтік қаулы қабылдады. Олардың шамамен үштен бірі қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелеріне қатысты. Аталған шешімдердің орындалуы қылмыстық-процестік заңнаманың бірқатар нормасын Конституция талаптарына сәйкестендіріп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Менің ойымша, әділ сот төрелігі тек сот отырысының әділ өтуімен шектелмейді. Оның артында адамның бостандығын шектеу тәртібінен бастап, кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, соттың тәуелсіздігі мен процесс тараптарының теңдігіне дейінгі тұтас кепілдіктер жүйесі тұр.
Жаңа Конституцияда әділ сот төрелігі мен адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктері құқықтық құралдар, тәсілдер және механизмдер ретінде жүйелі түрде көрініс тапты. Негізгі міндет — сот төрелігінің жария мүддесі мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау арасында теңгерім қалыптастыру.
Мұндай кепілдіктер жалпыға танылған халықаралық құқықтық стандарттарға сәйкес келеді. Олар тәуелсіз, бейтарап және әділ сот жүйесінің құқықтық іргетасын қалыптастырады.
Жаңа Конституцияны әзірлеу барысында сарапшылар тарапынан ұсынылған көптеген бастама ескерілді. Соның ішінде мен ұсынған 18-баптың 2-тармағына қатысты редакциялық ұсыныс та қабылданды.
Алғашқы нұсқада адамды бастапқы ұстау тергеу судьясының санкциясымен ғана жүзеге асырылатын модель қарастырылған еді. Мұндай тәсіл сырттай қарағанда адам құқығын барынша қорғайтын «суперкепілдік» секілді көрінеді. Алайда қылмыстық процестің практикалық табиғатын ескерсек, әрбір бастапқы ұстауды алдын ала сот санкциясына байлау құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін шектейтін еді.
Сондықтан жаңа редакцияда бостандықты шектеуге сараланған тәсіл енгізілді. Тергеу судьясының санкциясы бастапқы дербестендірілген ұстау мерзімін 72 сағат шегінде ұзарту қажеттілігіне қарай талап етіледі. Мұндай модель бір жағынан азаматтың бостандығын негізсіз шектеуден қорғайды, екінші жағынан қылмыстық қудалау органдарының заңды әрі жедел жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Құқықтық мемлекет үшін ең күрделі міндеттердің бірі де осы — адам құқығын қорғау мен қылмысқа қарсы тиімді іс-қимылдың арасындағы тепе-теңдікті табу. Қылмыстық процесс тек айыптау құралына айналмауы керек. Сонымен бірге құқықтық кепілдіктер қылмыстың жолын кесуге кедергі келтіретін шамадан тыс формализмге де ұласпағаны жөн.
Алдағы кезеңде заңнаманы жетілдіру осы теңгерімді одан әрі нақтылауға бағытталуы тиіс. Процестік кепілдіктер азаматтың құқығын сенімді қорғаумен қатар, сот, тергеу және прокуратура органдарының тиімді қызметіне жағдай жасауы қажет.
Жаңа Конституцияның преамбуласы да ерекше мәнге ие. Онда Ұлы Даладағы мыңжылдық мемлекеттілік тарихының сабақтастығы құқықтық тұрғыдан бекітілді. Мен мұны тек символдық тұжырым деп қарамаймын.
Тарихи сабақтастық мемлекеттің құқықтық дамуына да мағына береді. Қазіргі институттар өткеннен қол үзіп қалыптаспауы керек. Ұлттық мемлекеттілік тәжірибесі, құқықтық мәдениет, қоғамдық жауапкершілік пен тарихи жады заманауи Конституцияның рухымен сабақтасқанда ғана орнықты құқықтық жүйе қалыптасады.
Сондықтан жаңа Конституцияның маңызы жекелеген баптардың өзгеруімен шектелмейді. Ол адам құқығын қорғаудың жаңа стандарттарын, әділ соттың сапалық өлшемдерін және мемлекеттің құқықтық дамуының тарихи негізін бір тұтас жүйеге біріктірді.
Ендігі міндет — осы нормаларды заң мәтінінде қалдырмай, күнделікті құқық қолдану тәжірибесіне толық енгізу. Азамат әділ сотқа қол жеткізіп, өзінің құқығы нақты қорғалатынын сезінген кезде ғана конституциялық жаңғырудың шынайы нәтижесі көрінеді.
Арстан Ахпанов,
Astana International University Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, ҚР Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






