Талдықорғанда Абай күніне орай ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жетісу облысында 1-10 тамыз аралығында хакім мұрасын дәріптеуге арналған 119 мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Абай – даналықтың дара шыңы» атты салтанатты шара Бикен Римова атындағы Академиялық драма театры алдындағы алаңда өтті. Мұнда Абай ескерткіші 2023 жылы орнатылған. Рәсімге Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, зиялы қауым, мәдениет және өнер өкілдері, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Шара гүл қою рәсімінен кейін жас Абай мен кемел Абайдың кездесуін бейнелейтін театрландырылған прологпен жалғасты. Қойылымда кемел Абай жас шағындағы бейнесіне адамның шынайы көркі білімде, өзін жетілдіруде және халқына қызмет етуде екенін өсиет етеді.

Кеш барысында «Мизам» көшпелі әдеби мектебінің оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас буынның орындауы хакім поэзиясының уақыт озған сайын жаңа ұрпақпен қайта табысып отырғанын аңғартты.
Музыкалық бағдарламада жергілікті өнерпаздар «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және өзге де Абай әндерін орындады. Ақынның поэзиясы мен сазгерлік мұрасы ашық аспан астындағы кештің негізгі рухани өзегіне айналды.
Талдықорған тұрғыны, ұзақ жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген зейнеткер Дания Жақыпова шараның көпшілікке ашық ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.
– Білім, еңбек, әділдік, адамгершілік және рухани кемелденуге негізделген Абай шығармашылығы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осындай кездесулер хакімнің философиялық ойларын қайта зерделеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Жас буын өкілі Жанат Санатұлы да Абай шығармаларын әр жаста әрқалай қабылдайтынын айтты.
– Абай өлеңдерімен сусындап өстім. Есейген сайын оның шығармаларынан жаңа мағына табасың. Абай – мәңгілік мұрамыз. Оны біліп, құрметтеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді ол.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, Абай күні аясында өңір кітапханаларында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Кітапханалар түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеп, келушілерге әдеби, рухани-ағартушылық және мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынды.
Жетісу облысында Абай күніне арналған 119 шара ақын мұрасын еске алумен ғана шектелмей, оның білімге, еңбекке, әділет пен адамдық жауапкершілікке үндеген ойларын қоғамға кеңінен танытуға бағытталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







