«Ақ жол» Демократиялық партиясының республикалық штабы Екібастұзда сайлауалды кездесулерін бастап, коммуналдық және энергетика саласының қызметкерлерімен пікір алмасты. Партия төрағасы Дания Еспаева бастаған штаб мүшелері еңбек ұжымдарына бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық бағыттарын таныстырып, инфрақұрылым мен кадр мәселесіне қатысты ұсыныстарды тыңдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Республикалық штаб өкілдері «Екібастұз қалалық су арнасы» және «Қалалық электр желісі» кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті. Жұмысшылар Дания Еспаеваны қарсы алып, гүл шоқтарын табыстады.
Кездесудің негізгі өзегіне Екібастұздың коммуналдық инфрақұрылымы, энергетика жүйесінің тұрақтылығы, еңбек жағдайы және кәсіпорындарды кәсіби мамандармен қамтамасыз ету мәселелері шықты.

Су құбыры мен электр желісі секілді инфрақұрылым бір қарағанда тұрғындар үшін қалыпты коммуналдық қызмет болып көрінеді. Алайда олардың артында күрделі технологиялық жүйе, үздіксіз қызмет ететін мамандар және тұрақты инвестиция қажеттілігі тұр.
Кәсіпорын қызметкерлері жабдықтардың жағдайы, өндірістік жүктеме, еңбек жағдайын жақсарту және саланы білікті кадрлармен толықтыру жөніндегі пікірлерін айтты. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту кезінде жаңа технология енгізумен қатар, сол жабдықты пайдаланатын кәсіби мамандарды даярлау қажеттігіне назар аударылды.

Еркін форматтағы кездесу сайлауалды бағдарламаны таныстырумен шектелмей, коммуналдық және энергетика саласының күнделікті жұмысындағы нақты түйткілдерді талқылауға мүмкіндік берді.
Жиын қорытындысында қала инфрақұрылымын дамыту туралы шешім қабылдағанда саланың өз ішінде еңбек ететін мамандардың пікірін ескеру маңызды екені айтылды. Коммуналдық жүйенің сенімділігі тек жаңа жабдықпен емес, кәсіби кадр, тұрақты қаржыландыру және ұзақ мерзімді жаңғырту саясатымен қамтамасыз етілетіні атап өтілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






