Жетісу облысында Халықаралық жастар күніне орай облыс әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы – 2026» жастар сыйлығының лауреаттары анықталды. Биыл марапатқа цифрлық технология, жасанды интеллект және волонтерлік бағыттарды қамтитын жаңа номинациялар қосылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсім Талдықорғандағы Қаратал өзенінің жағалауында өтті. Өңір басшысының атынан жастарды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады.
Оның айтуынша, Жетісу облысында 14-35 жас аралығындағы 200 мыңға жуық азамат тұрады. Олардың арасында қоғамдық өмірге белсенді араласып, білім, ғылым, спорт, медицина, медиа және еріктілік саласында нәтижеге жеткен жастар аз емес.
– «Көшбасшы» сыйлығы үздік жастардың еңбегін бағалайтын жақсы дәстүрге айналды. Биыл оның ауқымы кеңейіп, «Үздік жас цифрлық көшбасшы» және «Үздік жас волонтер» номинациялары енгізілді. Мұндай бағыттар технологиялық дамуды қолдап, қоғамдағы жанашырлық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік береді, – деді Диас Есдәулетов.
«Үздік жас цифрлық көшбасшы» атағын Самал Серікова иеленді. Ол «Future IT» мектебінде робототехника жаттықтырушысы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде оқу ісі жөніндегі меңгеруші және информатика пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді.
«Үздік жас волонтер» номинациясы Сарқан ауданындағы қоғамдық және экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жүрген «Қамқор» ұйымының жетекшісі Ульяна Богушқа бұйырды.

«Білім және ғылым саласындағы үздік жас көшбасшы» атағын Текелі қаласындағы №3 орта мектептің логопед-дефектологі Наталья Железнева алды. Педагогика ғылымдарының магистрі инклюзивті білім беруді дамытуға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қабілетін ашуға үлес қосып келеді.
«Үздік жас журналист» номинациясында «DeFacto MediaHub» инклюзивті ақпараттық порталының бейнеоператоры әрі бейнемонтажері, «Мендей бол» жобасының авторы Сұлтан Қалибеков жеңімпаз атанды.
Жалпы өңірдің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан жастар 16 номинация бойынша марапатталды.

– Алдымен жасөспірім қызды, кейін оның анасын судан алып шықтым. Одан соң тағы екі адамға көмек көрсету үшін суға қайта кірдік. Мұны ерлік деп есептемеймін. Менің міндетім – халыққа қызмет ету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Жақсылық Сәрсенов.
«Үздік жас отбасы» номинациясында Текелі қаласында тұратын Қуаныш пен Ботагөз Оразалиновтар отбасы жеңімпаз болды. Ерлі-зайыпты медицина саласында еңбек етіп, төрт бала тәрбиелеп отыр.
Марапаттау рәсімінен бөлек, жастар үшін тренингтер, мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, спорттық жарыстар және интерактивті алаңдар ұйымдастырылды.
Шара барысында облыстың барлық аудан-қаласында өткен «Qosyl Fest» жастар фестивалінің қорытындысы да шығарылды. Фестивальге 18 мыңнан астам жас қатысып, 230-дан астам азамат жұмысқа орналасты. Мыңдаған қатысушы жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау және құқықтық көмек жөнінде кеңес алды.
Мерекелік бағдарлама қазақстандық эстрада өкілдерінің концертімен жалғасып, «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық акциямен аяқталды. Жастар Қаратал өзенінің жағалауын тазалап, мерекені қоғамдық пайдалы іспен түйіндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







