Халықаралық жастар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің белсенді жастарымен еркін форматта кездесті. Жамбыл атындағы саябақтағы басқосуда креативті индустрия өкілдері, кәсіпкерлер, спортшылар, блогерлер, волонтерлер және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері өздерін толғандырған мәселелер мен бастамаларын ортаға салды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуді ашқан облыс әкімі жастардың ұсынысын тікелей өздерінен естудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа буынның талабын, бастамасын және қоғамдағы өзгерістерге көзқарасын түсіну өңірлік саясатты қалыптастыруда маңызды.
– «Ақыл жастан» дейді бабаларымыз. Бүгінгі сіздердің талаптарыңызға біздің ертеңіміз байланысты. Бүгін аз сөйлеп, сіздерді көбірек тыңдасам деп едім, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Еркін формат жастарға ресми баяндамадан гөрі күнделікті өмірде кездесетін нақты мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік берді.

Орлов еріктілерді тарта отырып, табиғи нысандардағы заңсыз жазуларды тазарту жобасын кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның пікірінше, табиғатты қорғау тек экологиялық шара емес, өңірдің туристік мәдениетін қалыптастырудың да бір бөлігі.
Волонтер Анель Шәріпжанова соңғы үш жылда еріктілер қозғалысына қосылған жастар қатары көбейгенін айтты. Экологиялық, қоғамдық тәртіп және әлеуметтік бағыттағы жобалар жас буын үшін тәжірибе мектебіне айналып келеді.
Ол Катонқарағайда өткен Altai Fest фестивалін де осындай пайдалы алаңдардың бірі ретінде атады. Жастар аудан және қала деңгейінде волонтерлік бастамаларды көбейтіп, бос уақытты қоғамдық пайдалы іске бағыттауға мүдделі.
Кездесуде әлеуметтік мәселелер де қозғалды. Сымбат Рамазанов кәмелетке толмағандардың еңбек құқығын қорғауға назар аударды. Оның айтуынша, кей жасөспірім жұмыс істегенімен, еңбекақысын уақытылы ала алмай қалатын жағдайлар кездеседі.
Жастар орталығы мен Жастар кеңесі мұндай фактілерді анықтау үшін демалыс орындары, саябақтар мен қоғамдық тамақтану нысандарында рейдтер ұйымдастырып жүр. Жұмысқа прокуратура өкілдері де тартылған.
Сымбат Рамазанов жастарды баспанамен қамту мәселесін де көтеріп, Астана тәжірибесіне ұқсас жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама енгізу жөнінде ұсыныс айтты.
Алтай ауданынан келген жас әнші Радмир Тұрсынбеков шығармашылық жоспарымен бөлісті. Бес жыл ішінде өз әндерінің жинағын қалыптастырған өнерпаз енді үлкен сахнаға шығуды мақсат етіп отыр.
– Туған өлкемді ұмытпай, өз өңірімнің атын шығарғым келеді. Қазақ тілін білмесем де, үйреніп жүрмін. Болашақта қазақ тілінде ән жазсам деген арманым бар, – деді ол.
Кездесу барысында Радмир өз туындысын орындап, шығармашылығын көпшілікке ұсынды.

– Бірлік қатар тұру емес, жарқын болашаққа көзқарастың бір болуында. Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарап, досқа жолдас бола алуымыз қажет, – деді облыс әкімі.
Кездесу соңында қатысушыларға Абайдың «Қара сөздері» жинағы табысталды. Сонымен қатар өңірлік Жастар ресурстық орталығына қызметтік автокөлік берілді.
Еркін форматтағы басқосу жастардың тек қолдау күтетін әлеуметтік топ емес, табиғатты қорғаудан еңбек құқығына, тұрғын үйден шығармашылық индустрияға дейінгі нақты мәселелерге өз шешімін ұсына алатын қоғамдық күшке айналып келе жатқанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







