Өркениетті қоғам тек экономикалық даму немесе заманауи инфрақұрылыммен өлшенбейді. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, елдің шынайы мәдени деңгейі адамдардың бір-біріне құрметінен, қоғамдық ортадағы әдептен және күнделікті мінез-құлықтан көрінеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жанарбек Әшімжанның пікірінше, қазақ қоғамында тектілік ұғымы әрдайым тәрбие, кісілік және жауапкершілікпен сабақтас болған. Алайда соңғы кезде көшеде, қоғамдық көлікте, тойда немесе әлеуметтік желіде дөрекілік пен өзара сыйластықтың әлсіреуі жиі байқалады.
Ол өңірлерді аралау кезінде тұрғындар тарапынан да осындай алаңдаушылықтың жиі айтылатынын жеткізді. Жаңаөзен, Қызылорда, Қонаев және Алматыдағы кездесулерде адамдар әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар тәрбие, мәдениет, дәстүр және қоғамдық қарым-қатынас сапасына қатысты ойларын ортаға салған.
Әшімжанның ойынша, өркениеттілік ұғымын үлкен саяси немесе экономикалық реформалардан ғана іздеу қате. Қоғамдық мәдениет қарапайым амандасудан, үлкенге құрмет көрсетуден, айналаны таза ұстаудан, бөтен адамның құқығын сыйлаудан басталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық әдеп пен заңға құрмет мәселесін бірнеше рет көтерді. Президент заң мен тәртіпті қоғамдық өмір салтына айналдыру қажеттігін айтып, әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық пен сыпайылықты озық ойлы ұлттың негізгі қасиеттерінің қатарына жатқызды.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, қоғамдық тәртіп тек полиция немесе әкімшілік талаппен қалыптаспайды. Адам өзі қоқыс тастамай, көрінген жерде түкірмей, өзгеге дөрекілік көрсетпей, баласына осы мінезді үйреткен кезде ғана тұрақты қоғамдық мәдениет орнығады.
Оның ойынша, «Таза Қазақстан» секілді бастамалардың мәні де тек көшені тазалаумен шектелмеуге тиіс. Мұндай жобалар тазалықты, тәртіпті және жауапкершілікті күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталуы қажет. Мемлекеттік деңгейде де қоғамдық әдепті жүйелі түрде қалыптастыру жаңа құндылықтар саясатының маңызды бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Жанарбек Әшімжан дәстүрге де өзгермейтін догма ретінде қарамау керектігін атап өтті. Оның пікірінше, уақыт талабына сай келетін озық дәстүр ұлтпен бірге жасайды, ал қоғамның дамуына кедергі келтіретін әдет табиғи түрде кейін қалады.
Сондықтан қоғамдық мәдениетті көтеру ең алдымен адамның өзін тәрбиелеуінен басталуы керек. Әшімжанның пайымынша, әр азаматтың күнделікті ісі, сөзі мен мінезі қоғамдық ортаға әсер етеді. Өркениетті мемлекет құрудың ең берік іргетасы да осы қарапайым, бірақ шешуші мәдени дағдылардан қаланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







