ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды жаңалықты бөлісті. Оның айтуынша, Президент мемлекеттік наградалар қатарына «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аида Балаева осы шешім үшін мәдениет саласы өкілдері атынан Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Оның пікірінше, жаңа марапаттар мәдениет пен өнердің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, өмірін осы салаға арнаған азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалауға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанның мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3 054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді.
Аида Балаева осы көрсеткіштердің артында ұлттық мәдениетті дамытуға, тарихи мұраны сақтауға және оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып жүрген мыңдаған маманның еңбегі тұрғанын атап өтті.
Оның ойынша, мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мемлекеттік деңгейде лайықты бағалануға тиіс.
Вице-премьер жаңа мемлекеттік марапаттардың енгізілуіне жаңа Конституцияның қабылдануы да ерекше мән беретінін айтты. Оның сөзінше, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына енгізіліп, конституциялық деңгейде бекітілді.
Аида Балаева Президент мәдениет саласын қолдау енді мемлекеттің конституциялық міндетіне айналғанын атап өткенін еске салды.
Министрдің мәліметінше, кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өскен. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есеге артты. Жыл сайын мұндай стипендияны 75 азамат алады.
Президент мәдениет саласына айрықша назар аударуда
Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астанада, 60-ы Алматыда табысталған.
Аида Балаеваның айтуынша, биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай жүзден астам сала маманы мемлекеттік наградамен марапатталған.
Ол мемлекеттік деңгейдегі марапаттау жүйесі де кезең-кезеңімен жаңарып келе жатқанын атап өтті. Бұған дейін «Халық әртісі» құрметті атағы отыз жылдан кейін қайта жаңғыртылса, енді марапаттар қатарына «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы қосылып отыр.
Министрдің айтуынша, Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыканы, композиторлық және орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнеріне үлес қосқан суретшілердің, графиктердің, мүсіншілердің және осы бағыттағы өзге де өнер өкілдерінің еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.
Аида Балаеваның пікірінше, жаңа марапаттар Президенттің мәдениет саласына айрықша назар аударып отырғанын және өнер адамдарына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын аңғартады.
Ол жаңа наградалар көп жылғы шығармашылық еңбектің лайықты бағасына айналып, мәдениет саласына келетін жас буынға да жаңа серпін береді деп есептейді.
Вице-премьер мәдениет пен өнердің адамды рухани байытып, ізгілікке, жақсылыққа және өмірді сүюге жетелейтін ерекше күш екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының мәдениетті дамытуға басымдық беруі сала өкілдері үшін үлкен қолдау әрі маңызды оқиға.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







