Өзбекстанда кәсіпкерлер лицензия менрұқсат құжатын алмай тұрып-ақ жұмысын бастауға мүмкіндік беретін арнайы режим енгізбек. Тиісті заңнамалық түзетулерді ел парламенті мақұлдады. Жаңа тәртіп бизнесті іске қосу кезіндегі әкімшілік кедергіні азайтуға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа механизм «Лицензиясыз бизнеске кіру» деп аталады. Кәсіпкер қызметін бастағаннан кейін қажетті лицензияны немесе рұқсатты рәсімдеуге үш айға дейін уақыт алады. Осы мерзім ішінде бизнес заңда белгіленген талаптарды толық орындауға тиіс.
Арнайы режимді пайдалану үшін кәсіпкер уәкілетті мемлекеттік органға тегін хабарлама жібереді. Өтінім арнайы электрондық жүйе немесе Бірыңғай интерактивті мемлекеттік қызметтер порталы арқылы беріледі. Хабарлама тіркелгеннен кейін кәсіпкер қызметін бірден бастай алады.
Үш айлық өтпелі кезеңде кәсіпкер тек лицензияның немесе рұқсат құжатының жоқтығы үшін жауапкершілікке тартылмайды. Алайда лицензиялық талаптар, қауіпсіздік нормалары және салалық міндеттемелер күшінде қалады. Берілген мерзім ішінде барлық құжат рәсімделмесе, кәсіпкер қызметін тоқтатуға міндетті болады.
Жаңа тәртіп барлық кәсіпкерлік бағытқа бірдей қолданылмайды. Арнайы режимге енетін қызмет түрлерінің нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ. Үкімет тиісті салаларды тәуекел деңгейі мен реттеу ерекшелігіне қарай анықтайды деп күтіледі.
Өзбекстанда мұндай тәсіл бұған дейін пилоттық форматта сынақтан өткен. 2024 жылы «Лицензиясыз бизнеске кіру» механизмі рентген жабдықтарын пайдалану және ветеринариялық зертханалық диагностика саласында қолданылды. Енді сол тәжірибені заңнамалық деңгейде бекітіп, өзге қызмет түрлеріне тарату жоспарланып отыр.
Жаңа модельдің негізгі мақсаты кәсіпкерді құжат рәсімдеу кезеңінде нарықтан тыс қалдырмау. Бизнес алғашқы күннен кіріс табуға мүмкіндік алып, лицензиялық рәсімдерді параллель жүргізе алады. Сонымен бірге мемлекет бақылауды толық алып тастамай, кәсіпкерге талаптарды орындауға уақытша құқықтық дәліз ұсынады.
Осылайша Өзбекстан бизнесті ашу логикасын өзгертетін қадамға барып отыр. Бұрын көптеген қызмет түрінде кәсіпкер алдымен рұқсат алып, содан кейін ғана жұмысын бастаса, жаңа режимде процесс кері тәртіппен жүреді. Реформа тиімді іске асса, шағын және орта бизнестің нарыққа кіру уақытын қысқартып, әкімшілік шығынын азайтуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







