Қазақстан банктері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені екі рет төмендетуінен кейін депозиттердің табыстылығын қайта қарай бастады. Қысқа мерзімді салымдардың пайызы бірқатар банкте төмендесе, кейбір ұзақ мерзімді депозит бойынша керісінше өсім байқалады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Qazaq Expert Club қаржыгері әрі сарапшысы Венера Жаналинаның айтуынша, депозиттерді салыстырғанда ең алдымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне назар аударған жөн. Аталған көрсеткіш пайыздардың капиталдандырылуын есепке алып, салымның нақты табыстылығын дәлірек көрсетеді.
Halyk Bank жаңа шарттарды 15 маусымнан бастап енгізді. QORJIN депозитінің үш айлық нұсқасы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 19,50 пайыздан 18,51 пайызға дейін төмендеді. Ал алты айлық салымның көрсеткіші 17 пайыздан 16,50 пайызға азайды.
Банк сонымен қатар ұзақ мерзімге арналған кейбір өнімнің табыстылығын көтерген. Бір жылдық QORJIN депозиті бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 15,05 пайыздан 15,50 пайызға дейін өсті. «Максимальный» жинақ депозитінде де ұқсас динамика байқалады: алты айлық салымның мөлшерлемесі 17 пайызға дейін төмендеп, 12 айлық нұсқасы 16 пайызға дейін көтерілген.
Kaspi Bank 5 тамыздан бастап теңгедегі Жинақтаушы Kaspi Депозитінің шарттарын өзгертті. Қазір оның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 19 пайызды құрайды. Кәдімгі Kaspi Депозитінің шарттары өзгерген жоқ: теңгедегі салымның табыстылығы 15 пайыз, доллардағы депозит бойынша 1 пайыз деңгейінде қалды.
Home Credit Bank те 5 тамыздан бастап депозит саясатына түзету енгізді. Үш айлық «Сберегательный Хоум+» салымы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20 пайыздан 19,6 пайызға дейін төмендеді. VIP-клиенттерге арналған алты айлық осындай өнімде де дәл сондай өзгеріс болған.
Венера Жаналина Home Credit-тің қазіргі мөлшерлемемен қатар бұрынғы шарттарды да жариялайтынына назар аударды. Соның арқасында клиент депозит табысының қаншалықты өзгергенін оңай салыстыра алады.
Еуразиялық банк 7 тамыздан бастап толықтыруға болатын үш айлық TURBO жинақ депозитінің табыстылығын төмендетті. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20-20,02 пайыздан 19,2-19,23 пайызға дейін азайды. Жаңа шарт жаңа депозитке және автоматты түрде ұзартылған салымға қолданылады.
Freedom Bank те депозит шарттарын 8 тамыздан қайта қарады. Алты айлық «КОПИЛКА» салымы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14,58 пайыз болып белгіленді.
Депозиттің табыстылығы инфляция деңгейінен жоғары
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі депозит нарығы үшін маңызды бағдар болғанымен, банктердің шешіміне әсер ететін жалғыз фактор саналмайды. Қаржы ұйымдары салымшылар қаражатына деген қажеттілігін, қорландыру құнын және клиент үшін бәсекені де ескереді.
Мөлшерлеме төмендегенімен, кейбір депозиттің табыстылығы инфляция деңгейінен әлі де жоғары. Жылдық инфляция 10,3 пайыз болған жағдайда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 19 пайыздық салым оң нақты табыс алуға мүмкіндік береді.
Алайда жоғары пайыз депозит таңдаудағы жалғыз өлшем болмауы керек. Шотты толықтыру мүмкіндігі, автоматты ұзарту тәртібі және ақшаны мерзімінен бұрын алу шарты да маңызды.
Әсіресе жинақ депозиттеріне мұқият қараған жөн. Мұндай салымды мерзімінен бұрын жапқанда ақша көбіне 30 күннен кейін ғана беріледі әрі есептелген сыйақының елеулі бөлігі жоғалуы мүмкін.
Сондықтан жақын уақытта қажет болуы ықтимал қаражатты икемді депозитте ұстаған дұрыс. Ал ұзақ уақыт жұмсалмайтыны белгілі ақшаны табыстылығы бекітілген жинақ салымдарына орналастыру тиімді болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







