Қазақстанның Ресей инфрақұрылымы арқылы мұнай экспорттау көлемі шілдеде айтарлықтай төмендеді. «Атырау-Самара» құбырымен тасымал бір жылда 24 пайызға азайған тұста Баку-Тбилиси-Жейхан және Каспий құбыр консорциумы бағытындағы көлем ұлғайып отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шілдеде «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы 646 мың тонна қазақстандық мұнай экспортталған. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 24,4 пайызға, яғни 208 мың тоннаға төмендеді. «ҚазТрансОйл» аталған көлемді ресми түрде растады.
Ресейдің Усть-Луга порты арқылы Қазақстан 286 мың тонна мұнай жөнелткен, бұл бір жыл бұрынғыдан 17 пайыз аз. Новороссийск бағытындағы тасымал 2 пайыз төмендеп, 360 мың тонна болды. Reuters Ресейдің Қара теңіздегі порттары мен мұнай тасымалдайтын танкерлерге жасалған дрон шабуылдары Қазақстанның экспорттық мүмкіндігіне қосымша қысым түсіріп отырғанын жазады.
Осындай жағдайда Астана экспорт географиясын әртараптандыруды жеделдетіп келеді. Шілдеде Ақтау порты арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына 155 мың тонна қазақстандық шикізат жөнелтілді. Былтырғы шілдемен салыстырғанда өсім 11,5 пайызды құрады.
Баламалы бағыттардың салмағы Каспий құбыр консорциумы жүйесіне жасалған ауыстырып тиеу операцияларынан да байқалады. Шілдеде осы жүйеге 271 мың тонна қазақстандық мұнай бағытталып, көлем өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен екі есе артқан. Мұндай динамика экспорт ағындарының логистикалық тәуекелге қарай қайта бөлініп жатқанын аңғартады.
Германияға Ресей аумағымен өтетін «Дружба» құбыры арқылы жеткізілім шілдеде мүлде болған жоқ. Қазақстан мұнайының осы бағыттағы транзиті 1 мамырдан бастап тоқтатылған. Қаңтар-сәуір аралығында Германияға 1,02 млн тонна мұнай жөнелтілген еді.
Қазақстан бастапқыда 2026 жылы Германияға «Дружба» арқылы шамамен 3 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлаған. Кейін Энергетика министрлігі транзиттік инфрақұрылымдағы техникалық шектеулерге байланысты шілде мен тамызда да жеткізілім болмайтынын хабарлады. Бұған дейін Ресей тарапы 1 мамырдан бастап қазақстандық мұнай ағыны өзге бос логистикалық бағыттарға қайта бөлінетінін мәлімдеген.
Қазіргі өзгеріс Қазақстан үшін экспорттық маршруттарды әртараптандыру мәселесінің стратегиялық маңызын тағы көрсетті. Ресей бағытындағы тәуекел күшейген сайын Каспий арқылы Әзербайжанға шығатын дәліздердің рөлі артып келеді. Мұнай экспортының жаңа логистикасында бір бағытқа тәуелділікті азайту енді тек экономикалық тиімділік емес, тасымал тұрақтылығының негізгі шартына айналып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







