Алматы облысында соңғы үш жылда 50-ге жуық ауылдың көшесіне алғаш рет асфальт төселді. Жалпы ұзындығы 66,5 шақырым болатын жолдарды жаңартуға жергілікті бюджеттен шамамен 1,64 млрд теңге бөлінді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа асфальт Еңбекшіқазақ ауданындағы Саймасай, Ақтоған, Амангелді, Алмалы, Қорам және Сатай ауылдарының көшелеріне төселді. Ұйғыр ауданында Шонжы, Рахат, Ақтам, Талғар ауданында Береке, Тұздыбастау, Төңкеріс, Қызылту, Жаңалық және Түзусай елді мекендері қамтылды.
Жамбыл ауданындағы Қарғалы, Үлкен, Шиен, Беріктас, Шолаққарғалы, Үңгіртас және Ынтымақ ауылдарында да бұрын асфальт болмаған көшелер жаңартылды. Іле ауданындағы Байкент, Жәпек батыр, Казцик, Ақсай және Әли ауылдарында жол төселді.
Сонымен бірге Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарындағы бірқатар ауыл көшесі асфальтталды. Кей елді мекеннің тұрғындары мұндай жолды 30 жылдан астам уақыт күткен.
Жаңартылған көшелер 50 мыңнан астам адамның күнделікті қатынасын жақсартты. Бұрын жауын-шашын кезінде батпаққа айналып, көлік пен жаяу жүргіншіге қиындық туғызған жолдарда қозғалыс жеңілдеген.
«Биыл ауылымызға алғаш рет асфальт төселіп, көптен күткен мәселеміз шешілді. Жаңбыр жауса, жолдың жағдайы қиындап, көлікпен жүру де, жаяу жүріп-тұру да оңай болмайтын. Енді көптен күткен жолымызға асфальт төселді. Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Осы мәселені шешуге атсалысқан азаматтарға алғысымызды айтамыз», – деді Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылының тұрғыны Бейбіт Есімбеков.
Жол мәселесі халық тығыз орналасқан елді мекендер үшін айрықша маңызды. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында 20 мыңнан астам адам тұрады. Биыл мұнда бұрын асфальт болмаған тағы алты көшеге жол төсеу жоспарланған.
Қазір облыстағы елді мекендердің басым бөлігінің негізгі көшелері асфальтталған. Соған қарамастан кей ауылдарда қиыршық тас пен шағал төселген жолдар әлі бар. Әкімдік мұндай көшелерді кезең-кезеңімен асфальттауды жалғастырмақ.
«2026-2027 жылдары облыста тағы 100 шақырымнан астам көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Жоспарға Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Іле, Жамбыл, Қарасай, Кеген, Райымбек, Балқаш және басқа аудандардағы елді мекендердің көшелері енгізілді. Алдағы кезеңде бұрын асфальт төселмеген көшелерді жаңарту жалғасады. Осы жұмыстарға шамамен 4,67 млрд теңге қарастырылған», – деді Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов.
Жолдардың жаңаруы ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұру уақытын да қысқартқан. Бұрын қатынасы қиын көшелерде қозғалыс жақсарып, мектепке, медициналық мекемеге және аудан орталығына жету уақыты орта есеппен 10-20 минутқа азайған.
Алдағы екі жылда тағы 100 шақырымнан астам ауылішілік жолды асфальттау жоспары іске асса, бұрын қатты жабын көрмеген елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі біртіндеп азая түспек. Жол құрылысының келесі кезеңінде де басымдық бұрын асфальт төселмеген ауыл көшелеріне берілмек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







