Қазақстандықтар 7 қыркүйектен бастап міндетті және міндетті кәсіптік жарна есебінен жиналған зейнетақы қаражатының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға бере алады. Қазір мұндай мүмкіндік жинақтың 50 пайызымен шектелген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа тәртіп салымшыға зейнетақы активін кім басқаратынын өзі таңдауға жол ашады. Азамат жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады немесе инвестициялық портфельді басқарушыға сеніп тапсырады.
Ең маңызды өзгеріс қаражатты жеке басқаруға беру кезінде ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Демек, салымшы жинағы белгіленген межеден аспаса да, оны басқарушы компанияға аудара алады.
Алайда ақша қолға берілмейді және зейнетақы шотынан шығарылмайды. Қаражат БЖЗҚ жүйесінде қала береді, тек оны инвестициялау міндеті Ұлттық банктен таңдалған жеке компанияға өтеді. Қай ұйым басқарғанына қарамастан, қор жеке зейнетақы шоттарын жүргізіп, жинақтың есебін жалғастырады.
Өтініш беру үшін салымшы алдымен қаржы реттеушісінің ресми тізіміне енген инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы керек. Компаниялар туралы мәлімет, инвестициялық декларациясы, табыстылық көрсеткіші мен портфель құрылымы БЖЗҚ ресурстарында жарияланған.
Өтінішті екі жолмен беруге болады:
- БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетте электрондық цифрлық қолтаңба арқылы;
- қордың кез келген бөлімшесіне барып.
Өтініштің қаралу барысын жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасынан бақылауға болады. Қордың мәліметінше, өтініш беру мен оны өңдеу үдерісі толық автоматтандырылған. Қаражат заңда белгіленген мерзім ішінде таңдалған компанияға өткізіледі.
Зейнетақы активін жеке басқаруға беру салымшының ерікті шешімі болып қала береді. Компанияны таңдағанда кейінгі кезеңдегі табыстылыққа ғана сүйену жеткіліксіз. Оның ұзақмерзімді нәтижесін, инвестициялық стратегиясын, қандай активтерге қаржы салатынын, тәуекел деңгейін және реттеуші қолданған әкімшілік шараларды да зерттеген жөн.
Жеке басқарушы жоғары табысқа кепілдік бермейді
Инвестиция нәтижесі қаржы нарығындағы ахуалға, валюта бағамына, бағалы қағаздар құнына және компания таңдаған стратегияға қарай өзгеріп отырады.
Зейнетақы активін басқаруға лицензиясы, қаржы нарығындағы тәжірибесі, жеткілікті меншікті капиталы бар және реттеушінің өзге де талабына сай келетін ұйымдар ғана жіберіледі. Олар БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару шартын, ал қормен және кастодиан банкпен үшжақты келісім жасайды.
Қазір мұндай құқыққа алты компания ие. Соның біреуі арнайы тізімнен шығарылуы мүмкін. Егер басқарушы ұйым реестрден алынса, оның қарамағындағы зейнетақы активтері Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.
Салымшы қолжетімді соманы, компаниялардың табыстылығын және инвестициялық портфель құрылымын БЖЗҚ сервистері мен қордың инвестициялық платформасынан көре алады.
Жаңашылдық зейнетақы ақшасын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік бермейді. Өзгеретін нәрсе — жинақты кім және қандай стратегиямен инвестициялайтыны. Сондықтан 100 пайызды жеке компанияға өткізу еркіндігімен бірге таңдау жауапкершілігі де салымшының өзіне жүктеледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







