Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Кезекті отырыста марқұмның анасы Сәлима Омарова қызының соңғы қоңырауы мен реанимациядағы ауыр жүздесуді еске алып, көз жасына ерік берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сәлима Омарованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада ол қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын қызымен телефон арқылы сөйлескен. Ұлдана кезекті шақыртуға бара жатқанын айтып, жұмысын аяқтаған соң қайта хабарласуға уәде берген.
Шамамен 15 минуттан кейін дүкенде жүрген анаға Ұлдананың енесі бірнеше рет қоңырау шалған. Оның даусынан бір сұмдықтың болғанын сезген Сәлима мән-жайды сұрайды. Сол сәтте қызының үстіне қабырға құлағанын естіген.
Көп ұзамай үлкен қызы хабарласып, Астанаға шұғыл ұшып келуін өтінген. Елордаға жеткен Сәлима Омарованы туыстары аурухана алдынан қарсы алды. Дәрігерлер сол уақытта Ұлданаға операция жасап жатқан.
Қызының жағдайынан үмітін үзбеген ана түні бойы реанимация бөлімінің алдында күтті. Ішке кіруге рұқсат берілгенде, көрген көріністің ауыр болғаны сонша, ол науқастардың арасынан өз қызын бірден тани алмай қалған.
«Жатқан қызымды тіпті тани алмадым… Ол шақыртудан кейін маған қайта хабарласуы керек еді ғой», – деді Сәлима Омарова сотта жылап.
Анасы қызына «Балам, қайта қоңырау шаламын деп едің ғой» дегісі келгенін айтты. Алайда Ұлдананың енді өзін ести алмайтынын түсінген.
Контекст
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астананың Тәуелсіздік даңғылында болған. Тұрғын үй қасбетінің бір бөлігі кондиционермен бірге төменде тұрған адамдардың үстіне құлап, бірнеше адам зардап шекті.
Ұлдана Мырзуан оқиға орнына жедел жәрдем бригадасының құрамында жеткен. Өзгелерді ажалдан арашалап жүрген фельдшерге ғимараттың тағы бір бөлігі құлап, ауыр жарақат салған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, жас маманды аман алып қала алмады.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, ұзаққа созылған сотқа дейінгі тергеуден кейін материал сотқа жолданды. Айыпталушы орындығында үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ғимараттың техникалық жағдайын тиісті деңгейде бақыламаған. Алайда оның кінәлі немесе кінәсіз екені жөніндегі түпкілікті шешімді сот шығарады.
Сәлима Омарованың «Ол маған қайта хабарласуы керек еді» деген сөзі сот отырысының ең ауыр сәтіне айналды. Қызының бір ауыз уәдесін күткен ананың қоңырауы сол күйі жауапсыз қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







