«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге Қарағанды облысындағы жұмыс сапарын бастады. Алғашқы кездесу «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Seven Refractories Asia» ЖШС кәсіпорнында өтті. Онда отандық өндірісті дамыту, жұмыс орындарын көбейту және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Металлургия саласына арналған отқа төзімді материалдар шығаратын «Seven Refractories Asia» өңірдегі заманауи өнеркәсіп орындарының бірі саналады. Сапар барысында партия өкілдері кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндіріс алаңындағы еңбек ұжымымен кездесті. Қалыптасқан дәстүр бойынша Дания Еспаеваны кәсіпорын өкілдері гүл шоғымен қарсы алды.
Жиында «Ақ жолдың» сайлауалды бағдарламасындағы экономикалық бағыттарға басымдық берілді. Партия өкілдері отандық өндірісті кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясатын жетілдіру және өнеркәсіптік жобаларға қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Кездесуге қатысушылар нақты сектордағы кәсіпорындардың қазіргі жағдайын да талқылады. Өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту, заманауи технология енгізу және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін көбейту негізгі тақырыптардың қатарына кірді.
Білікті маман даярлау мәселесіне де назар аударылды. Қатысушылар өндірістің технологиялық деңгейі өскен сайын кәсіби кадрларға деген сұраныс та артатынын айтып, білім беру жүйесі мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейту қажеттігін көтерді.
Дания Еспаева жұмысшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, экономиканың нақты секторын дамыту партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Оның пікірінше, тұрақты жұмыс істейтін өндіріс орындары өңір экономикасын күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, халық табысының өсуіне де ықпал етеді.

Партия төрағасы қазақстандық өндірушілерге тең бәсекелестік жағдай қажет екенін атап өтті. «Ақ жол» салықтық және әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпорындардың өндірісті кеңейтуіне, жаңа технология сатып алуына және экспорттық нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруды ұсынады.
Кездесу барысында еңбек ұжымының өкілдері де өндірістегі өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Тараптар өнеркәсіптің дамуы үшін мемлекет, бизнес және жұмысшылар арасындағы тұрақты диалогтың маңызына тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар Қарағанды облысының өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру жөнінде пікір алмасты. «Ақ жол» өкілдері кәсіпорындарда айтылған ұсыныстарды алдағы саяси және заңнамалық жұмыста ескеруге ниетті екенін жеткізді.
Дания Еспаеваның Қарағанды облысындағы сапары осылайша нақты экономика мен өндіріс мәселелерін талқылаудан басталды. Партия алдағы кездесулерде де кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарының пікірін тыңдап, сайлауалды бағдарламаның экономикалық бағыттарын таныстыруды жалғастырмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







