«Ақ жол» партиясының төраймы Дания Еспаева сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Ақтөбедегі Halyk Bank филиалында жергілікті кәсіпкерлермен және банк ұжымымен кездесті. Жиында бизнеске арналған қаржыландыру тетіктері, инвестициялық белсенділік, салық саясаты және өңір экономикасындағы қаржы секторының рөлі талқыланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында партия төрағасы «Ақ жолдың» кәсіпкерлікті дамыту мен нарықтық экономиканы күшейтуге бағытталған сайлауалды ұсыныстарын таныстырды. Негізгі назар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, жеке бастаманы қолдау және бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейту мәселелеріне аударылды.
Дания Еспаева кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын көбейту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, шағын және орта бизнестің өндірісті кеңейтуі, жаңа жұмыс орындарын ашуы және технологиялық жаңғыруы үшін ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаржы маңызды.
Кездесуде экономиканың нақты секторына инвестиция тартуды ынталандыру мәселесі де сөз болды. Партия өкілдері капиталдың сауда мен қысқамерзімді операцияларға ғана емес, өндіріс, өңдеу және экспорттық әлеуеті жоғары салаларға бағытталуына жағдай жасау қажет деген ұстанымдарын жеткізді.

Квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін қысқарту да «Ақ жол» бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде таныстырылды. Партия өкілдерінің пікірінше, жеке бизнес жұмыс істей алатын салаларда мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың шамадан тыс қатысуы әділ бәсекеге кедергі келтіруі мүмкін.
Салық саясатына қатысты да бірқатар ұсыныс айтылды. Дания Еспаева салық жүйесі отандық өндірістің дамуына ынталандырушы әсер беріп, кәсіпкерлерге ұзақмерзімді жоспар құруға мүмкіндік беретіндей тұрақты болуы керек екенін атап өтті.
Қуатты бизнес пен тиімді қаржы құралы экономиканың өзегі
Кәсіпкерлер өз кезегінде қаржы ресурстарының құны, несие алу талаптары, кепіл мәселесі және инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде кездесетін қиындықтар жөнінде пікір білдірді. Жиында өңірлік бизнестің дамуына банктердің қалай ықпал ете алатыны да талқыланды.
Қатысушылар банк секторының тек несие беруші ғана емес, экономикалық белсенділікті қолдайтын маңызды институт екенін атап өтті. Қаржы ұйымдарының кәсіпкерлік жобаларды бағалау, инвестициялық бастамаларды сүйемелдеу және өңірдегі жаңа өндірістерге капитал тарту мүмкіндігі ерекше сөз болды.
Дания Еспаева қуатты кәсіпкерлік пен тиімді қаржы құралдары болмайынша тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу қиын екенін айтты. Оның пікірінше, отандық бизнеске арналған жүйелі мемлекеттік саясат қаржыландыру, салық, әкімшілік рәсімдер және нарыққа қолжетімділік мәселелерін біртұтас қарастыруы тиіс.
Кездесу соңында тараптар кәсіпкерлік ортаны одан әрі дамыту, инвестицияға мүмкіндік кеңейту және бизнес, қаржы секторы мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде пікір алмасты.
Ақтөбедегі кездесу «Ақ жол» партиясының сайлауалды науқандағы экономикалық бағытын таныстырған кезекті алаңға айналды. Партия өкілдері кәсіпкерлер мен банк мамандары айтқан ұсыныстарды алдағы саяси және заңнамалық жұмыста ескеруге ниетті екенін жеткізді.
«Ақ жол» ҚДП сайлау қорының қаражатынан төленді. Тапсырыс беруші: А. Т. Қожахметов. Ақпарат өндіруші: «Сұлтан Медаиа» ЖК.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







