Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде тұрған 51 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жаңа қоныс иелерін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, жыл соңына дейін қалада 1 400-ден астам отбасын қолжетімді баспанамен қамту жоспарланғанын айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысының айтуынша, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың өмір сапасы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны жылдан жылға артып келеді. Жыл басынан бері Талдықорған қаласының өзінде 49 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға көп. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен Талдықорғандағы 1 400-ден астам отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деді Бейбіт Исабаев.
Жаңа пәтерлер мемлекеттік қолдау шаралары аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Олардың арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар тұрғындар бар.
Жаңа қоныс иелерінің бірі Динара Отарбаева «Жастар-3» шағын ауданынан баспана алған. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегінде тоғыз жылға жуық тұрған.

Дана Жаманаева да 2017 жылдан бері баспана кезегінде тұрғанын айтты. Оның отбасы осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрған.
«Ең алдымен балаларымды ертіп барып, өз үйлерін көрсетемін. Енді олардың жеке бөлмелері болады, кең әрі жайлы жерде тұрамыз. Талай жыл пәтер жалдап келдік. Енді өз баспанамыз бар», – деді жаңа қоныс иесі.
Ал «Құлагер» шағын ауданынан пәтер алған Торғын Тойшыбекова отбасының тұрғын үй кезегінде 10 жыл тұрғанын жеткізді. Осы кезеңде бірнеше жалдамалы пәтер ауыстыруға тура келген.
«Балалармен бірге бір пәтерден екіншісіне көшіп жүру қиын болды. Енді сол кезең артта қалды. Жас отбасымыздың жаңа шағын ауданда өз баспанасы бар», – деді ол.

Жыл соңына дейін «Ынтымақ» тұрғын алабында жалпы 200 пәтерге арналған бес бесқабатты үйдің құрылысы аяқталмақ. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын үй кезегіндегі тағы бірнеше жүз отбасы баспаналы болады.
Соңғы төрт жылда Жетісу облысында 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы кезеңде 11 мыңға жуық отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Өңірде тұрғын үй құрылысының келесі кезеңінде де кезекте тұрған әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға басымдық берілмек. Талдықорғандағы жаңа үйлердің пайдалануға берілуі осы бағдарламаның жалғасы болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







