23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстанның жаңа конституциялық жүйесін іс жүзінде жүзеге асыратын маңызды кезең болмақ. Словениядағы Alma Mater Europaea университетінің ректоры, профессор Людвик Топлактың пікірінше, жаңа заң шығарушы орган саяси өкілдікті күшейтіп, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Людвик Топлак кәсіби қызметінің елеулі бөлігін конституциялық құқық пен демократиялық институттарды зерттеуге арнаған. Ол алдағы сайлауды жаңа өкілді органды қалыптастыру рәсімі ретінде ғана емес, азаматтардың елдің саяси бағытын айқындауға қатысу мүмкіндігі тұрғысынан бағалайды.
Профессордың айтуынша, 23 тамыздағы дауыс берудің тарихи сипаты бар. Қазақстан азаматтары алғаш рет жаңа конституциялық жүйе аясында Құрылтайдың алғашқы құрамын сайлайды.
«Бұл сайлаудың маңызы ерекше. Қазақстан азаматтары алғаш рет елдің жаңа конституциялық жүйесіндегі жаңа өкілді институт – Құрылтайды сайлайды», – деді Людвик Топлак.
Оның пікірінше, алғашқы құрамның жасақталуы жаңа Конституцияда бекітілген ережелерді нақты саяси және заңнамалық тәжірибеге көшіруге мүмкіндік береді. Азаматтар өз атынан заң қабылдайтын және қоғамдағы түрлі мүддені білдіретін өкілді органның құрамын анықтайды.
Людвик Топлак демократиялық жүйенің орнықтылығы тек мемлекеттік институттардың құрылымына байланысты болмайтынын атап өтті. Оның пайымынша, азаматтардың белсенділігі, саяси партиялар арасындағы идеялар бәсекесі, ашық қоғамдық пікірталас және түрлі көзқарасқа құрмет те шешуші рөл атқарады.
«Демократияны институттар ғана қалыптастырмайды. Оны қоғамдық және саяси өмірге қатысатын азаматтар, өз идеяларымен бәсекеге түсетін партиялар, қоғамдық пікірталас және әртүрлі ұстанымдарға құрмет қалыптастырады», – деді профессор.
Осы тұрғыдан алғанда, сайлау азаматтарға партиялардың бағдарламаларын салыстыруға, өз саяси ұстанымын білдіруге және Құрылтайда қандай идеялардың ұсынылатынына ықпал етуге мүмкіндік береді. Сарапшы сайлаушының белсенділігі өкілді басқарудың сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Профессор жаңа заң шығарушы органның атауына да ерекше мән береді. Оның ойынша, «Құрылтай» ұғымы заманауи өкілді институтты Қазақстанның тарихи тәжірибесімен және қоғамдық дәстүрімен байланыстырады.
«Құрылтай атауының өзі символдық мәнге ие. Ол заманауи өкілді институтты Қазақстанның тарихы және дәстүрлерімен байланыстырады. Демократия барлық елде бірдей үлгіде көрінуі міндетті емес. Әмбебап қағидаттар халықтың өз тарихы, мәдениеті мен саяси тәжірибесі негізінде жүзеге аса алады», – деді Людвик Топлак.
Оның бағалауынша, тарихи сабақтастық жаңа саяси институттың мазмұнын алмастырмайды. Құрылтай конституциялық қағидаттар, заманауи сайлау рәсімдері және өкілді басқару талаптары аясында жұмыс істеуі тиіс.
Профессор алғашқы Құрылтайдың құрылуы саяси институттарды одан әрі жетілдіруге қосымша мүмкіндік береді деп есептейді. Мұнда депутаттардың кәсібилігі, қоғамдық пікірталастың ашықтығы және түрлі саяси ұстанымды ескеру қабілеті ерекше маңызға ие болмақ.
«Алғашқы Құрылтайдың сайлануы – өкілді басқаруды нығайтуға, саяси бәсекені ынталандыруға және азаматтардың өз елінің өміріне қатысуын тереңдетуге берілген мүмкіндік», – деді ол.
Людвик Топлактың пікірінше, 23 тамыздағы сайлау институционалдық жаңғыру, тарихи сабақтастық және азаматтық белсенділік секілді бірнеше үдерісті бір арнаға тоғыстырады.
Жаңа Құрылтайдың алғашқы құрамы конституциялық модельді нақты заңдар мен саяси шешімдер арқылы жүзеге асыруға тиіс. Ал оның алдағы жылдардағы беделі мен тиімділігі сайлау арқылы берілген қоғамдық мандатты қаншалықты сапалы орындайтынына байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







