«Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі Нұрлан Көптілеуов саяси ұйымның қазіргі басшылығын сынға алып, партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың жұмысын қайта бағалау қажет екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, «Байтаққа» жаңа саяси стратегия, нақты экологиялық шешімдер және басшылықтың жауапкершілігін күшейтетін ішкі тетіктер қажет, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Нұрлан Көптілеуов Facebook желісіндегі жазбасында партияның экологиялық күн тәртібіне қатысты негізгі сындарын ашық айтты. Оның пікірінше, «Байтақ» Арал мен Балқаш секілді ірі экологиялық проблемаларды жиі көтергенімен, оларды шешудің нақты механизмдерін жеткілікті деңгейде ұсынбай келеді.
Партия мүшесінің айтуынша, қазіргі кезеңде экологиялық мәселені атаумен шектелу жеткіліксіз. Саяси ұйым кез келген бастаманың іске асу тетігін, қажетті ресурсын, жауапты институттарын және нақты мерзімін көрсетуі тиіс.
«Тек мәселені көтеру енді жеткіліксіз. Партия экологиялық мәселе туралы дабыл қағып қана қоймай, оны шешудің жолын да көрсетуі керек», – деді Нұрлан Көптілеуов.
Автор партияның саяси стратегиясына да сын айтты. Ол «Байтақтың» 2023 жылғы сайлауда Парламентке өте алмағанын еске салып, сол нәтижеден кейін ұйым ішінде терең талдау жасалып, сайлау стратегиясы мен коммуникациялық тәсілдер қайта қаралуы керек еді деп есептейді.
Көптілеуовтің пікірінше, өткен электоралдық цикл партия үшін үлкен сабақ болуы тиіс болған. Алайда ол бүгінге дейін бұрынғы жұмыс тәсілдерінің айтарлықтай өзгермегенін алға тартып отыр.
«Бір электоралдық цикл өтті. Сол кезде партия Парламентке өтпеді. Қателіктің неден болғанын, стратегияда, коммуникацияда және саяси көшбасшылық стилінде нені өзгерту қажеттігін байыпты талдауға себеп болады деп ойлауға болар еді. Алайда бүгінде бұрынғы жұмыс қалыбының қайталанғанын көріп отырмыз», – деді ол.
Партия мүшесі Азаматхан Әміртаевтың саяси риторикасына да жеке тоқталды. Оның бағалауынша, партия төрағасының сөздерінде эмоциялық және агрессивті реңк әлі де басым.
Көптілеуов заманауи экологиялық саясат эмоцияға емес, ғылымға, технологияға, экономикалық құралдарға, халықаралық ынтымақтастыққа және ұзақмерзімді жоспарлауға негізделуі керек деп санайды. Оның ойынша, саяси күштің салмағы мәселені қаншалықты қатты көтеруімен емес, оны шешуге арналған нақты ұсыныстарымен өлшенуі тиіс.
Автор партияның құрылу кезеңіне өзі де қатысқанын айтып, қазіргі жағдайға көңілі толмайтынын жасырмады.
«Біз партияның бастауында бірге тұрдық. Оның идеясына сендік және Қазақстанда мықты, заманауи экологиялық саяси күш пайда болғанын қаладық. Сондықтан қазіргі көңіл толмайтын нәтижелерді көру бізге ауыр», – деді Нұрлан Көптілеуов.
Жазбада партия ішіндегі саяси жауапкершілік мәселесі де көтерілді. Көптілеуовтің пікірінше, кез келген саяси ұйымда көшбасшының жұмысын бағалайтын нақты критерийлер және қажет болған жағдайда басшылықты ауыстырудың түсінікті механизмі болуы керек.
Ол партияны бір адамның саяси жобасына айналдыруға болмайтынын атап өтті. Басшылықтың шешімі партия мүшелеріне түсінікті болып, ұйым ішіндегі пікірталас пен жауапкершілік институттары тұрақты жұмыс істеуі қажет деп есептейді.
«Біз Азаматхан Әміртаевқа адам ретінде ешқандай талап қоймаймыз. Бірақ партия көшбасшысы ретінде оған қояр сұрағымыз көп. Ол «Байтақты» қайда бастап барады?» – деді Көптілеуов.
Оның айтуынша, мәселе төрағаның фамилиясын ауыстырумен ғана шешілмейді. Партияның саяси басшылығын кеңінен жаңартып, жаңа көшбасшыларға жол ашу және қатардағы мүшелер алдындағы есептілікті күшейту қажет.
«Біз партия басшылығындағы тек фамилияның ауысуын талап етіп отырған жоқпыз. Саяси басшылықтың жаңаруын, жаңа көшбасшылардың пайда болуын және партия мүшелері алдындағы жауапкершілік тетіктерін қалыптастыруды талап етеміз. Өйткені «Байтақ» бір адам үшін құрылған жоқ», – деді ол.
Осылайша Нұрлан Көптілеуовтің мәлімдемесі партия төрағасын ауыстыру мәселесінен кеңірек ішкі реформаны күн тәртібіне шығарып отыр. Оның ұсынысы «Байтақтың» экологиялық бағдарламасын нақтылау, саяси стратегиясын қайта қарау және басшылықтың партия мүшелері алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







