Қазақстанның су шаруашылығы саласына 2024-2025 жылдары шамамен 677 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 79 пайызға көп және су инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған рекордтық көрсеткіштердің бірі, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2022-2023 жылдары салаға 377,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Кейінгі екі жылдағы көрсеткіш шамамен 300 млрд теңгеге артық.
Инвестицияның негізгі бөлігі су шаруашылығы инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталып отыр. Соның ішінде су қоймалары, каналдар, гидротехникалық құрылыстар және халық пен ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті өзге де нысандар бар.
Жобалар қолданыстағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып, суды жинақтау мен бөлуге арналған жаңа қуат қалыптастыруды көздейді. Нәтижесінде сумен жабдықтау сенімділігін арттыру, су шығынын азайту және ресурсты басқару тиімділігін күшейту жоспарланған.
Ірі жобалардың қатарында Ислам даму банкімен бірлесіп Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш су қоймасын салу бар. Сонымен қатар Азия даму банкінің қолдауымен Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, халықаралық ынтымақтастық тек қаржыландырумен шектелмейді.
«Инвестициялар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, яғни су қоймаларын, каналдар мен басқа да нысандарды салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға тартылады. Халықаралық ынтымақтастық қаржылық қолдаумен ғана шектелмейді. Ол заманауи технологияларды енгізуді, саланы цифрландыруды, кадрлық және ғылыми әлеуетті нығайтуды, сондай-ақ озық тәжірибе алмасуды көздейді», – деді министр.
Ведомствоның бағалауынша, жаңа инвестициялық цикл Қазақстанның су қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе климаттық тәуекелдер мен су тапшылығы мәселесі күшейген жағдайда жаңа су қоймалары мен жаңғыртылған каналдардың маңызы арта түседі.
Салаға тартылған қаржы көлемінің өсуі инфрақұрылымды жөндеумен ғана емес, су ресурстарын басқарудың жаңа моделін қалыптастырумен байланысты. Цифрландыру, суды есепке алу және шығынды азайту алдағы кезеңдегі негізгі бағыттардың біріне айналмақ.
Осылайша су шаруашылығына салынған 677 млрд теңге инвестиция жаңа нысандар салуға ғана емес, елдің су ресурстарын ұзақмерзімді әрі тұрақты басқаруға арналған жүйелік жаңғыртуға бағытталып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







