Бүгін, 23 тамызда таңғы сағат 07:00-де Алматыда сайлау учаскелері жұмысын бастады. Гоголь көшесі, 114 мекенжайындағы ЖенПУ ғимаратында орналасқан №102 учаскеге ашылған сәттен бастап 150-ге жуық қала тұрғыны келіп, дауыс беруге қатысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жексенбінің ерте таңы болғанына қарамастан, учаске алдында шағын кезек қалыптасты. Алғашқы сағаттардағы белсенділік тұрғындардың сайлау процесіне қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Таңертең дауыс беруге келген алматылықтарды Құрманғазы атындағы оркестр қарсы алды. Музыкалық бағдарлама учаскедегі алғашқы сайлаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
№102 учаскеде дауыс беру рәсімімен қатар тұрғындарға арналған мәдени және танымдық бағдарлама да ұйымдастырылған. Таң музыкалық жаттығудан басталып, кейін келушілер үшін бірнеше арнайы алаң жұмысын бастады.
Учаскеде кондитерлік өнімдер мен үй жағдайында дайындалған тағамдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз қолымен жасаған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Алматының тарихы мен мәдени мұрасына арналған сурет және кітап көрмелері де ашылды. Қала тұрғындары мегаполистің қалыптасуы мен дамуына арналған басылымдармен, сондай-ақ өнер туындыларымен таныса алады.
Интеллектуалдық демалысты ұнататындар үшін шахмат аймағы қарастырылған. Бұдан бөлек, келушілерге тынығып, пікір алмасуға мүмкіндік беретін кофе-аймақ жұмыс істеп тұр.
Сайлау учаскесіне Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары да барып, алғашқы сағаттарда дауыс берген тұрғындармен әңгімелесті. Олар алматылықтардың сайлау күніне қатысты көңіл күйі мен әсерін білді.
Осылайша №102 учаскедегі дауыс беру таңғы сағаттардан бастап белсенді жүріп жатыр. Көптеген алматылық үшін сайлау таңы азаматтық таңдау жасаумен қатар музыка, шығармашылық және туған қаланың тарихымен танысуға арналған қоғамдық кеңістікке ұласты. Дауыс беру жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







