Алматы облысының Қарасай ауданындағы Іргелі ауылында тұратын Карповтар отбасы Құрылтай сайлауына ерекше форматта қатысты. Олар №455 сайлау учаскесіне «Құрылтай» деген жазуы бар әуе шарымен ұшып келіп, балалардың көптен бергі арманын ел өміріндегі маңызды саяси күнмен ұштастырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Карповтар үшін бұл әуе шарымен жасалған алғашқы сапар болды. Отбасы мүшелері көкке бірнеше минутқа көтеріліп, туған өлкені биіктен тамашалады. Балалар үшін көптен күткен арман орындалса, ата-анасы осы сәтті азаматтық таңдау жасайтын күнмен байланыстыруды жөн көрген.
– Балаларымыз әуе шарымен ұшуды көптен бері армандап жүрген еді. Ойлана келе, олардың арманын сайлау күнімен ұштастыруды жөн көрдік. Біз елімізді жақсы көреміз, қазақ тілінде сөйлейміз, салт-дәстүрімізді құрметтейміз. Отанды сүю, ұлттық құндылықтарды қастерлеу қандай парыз болса, ел болашағына бейжай қарамай, сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасау да сондай азаматтық міндет деп білеміз, – деді Александр Карпов.
МЫНАНЫ ДА ОҚИ КЕТІҢІЗЖастарға үлгі болған қадам: Run club мүшелері азаматтық белсенділік танытты«Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр»: Тәжікстаннан келген халықаралық байқаушыҚазақстан жаңа стандарт қалыптастырып отыр: Армениядан келген халықаралық бақылаушылар дауыс беру барысын жоғары бағалады
Әуе шары жерге қонғаннан кейін отбасы №455 сайлау учаскесіне бет алды. Ата-анасы бюллетень алып, өз таңдауын жасаса, балалар дауыс беру рәсімінің қалай өтетінін бақылап отырды.
Осылайша Карповтар сайлау күнін отбасы үшін танымдық әрі есте қаларлық оқиғаға айналдырды. Ата-анасы балаларға азаматтық жауапкершілікті сөзбен ғана емес, өз әрекеті арқылы көрсетуді мақсат еткен.

Дауыс бергеннен кейін отбасы «Құрылтай» жазуы бар әуе шарының жанында естелік суретке түсті. Қысқа ғана әуе сапары мен сайлау учаскесіндегі сәттер Карповтар отбасы үшін бір күннің екі ерекше оқиғасына айналды.
Бүгін Алматы облысында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Өңірде 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді, дауыс беру құқығына 1 042 987 тұрғын ие.
Олардың 14 104-і биыл 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысу мүмкіндігін алған азаматтар. Облыстағы барлық учаске қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
Сайлау барысын халықаралық байқаушылар да бақылап отыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушы аккредиттелген.
Олар сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап заңда белгіленген рәсімдер аяқталғанға дейін дауыс беру барысын бақылайды.
Іргелідегі Карповтар отбасының бастамасы сайлау күнінің ерекше көріністерінің біріне айналды. Олар балалардың арманын орындап қана қоймай, отбасылық естелікті азаматтық жауапкершілікпен сабақтастырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







